Қазақстан Республикасының
Ұлттық ғылым академиясы

Жаңалықтар

ҚР ҰҒА-ның президенті, академик М.Жұрыновтың ҰҒА Жалпы жиналысының сессиясындағы ҚР ҰҒА Төралқасының 2020 жылы атқарған жұмыстарының есебі

31

Мамыр
2021

Алматы қ., 01.06.2020 ж.

     Құрметті әріптестер! Академияның 248 (172 акад., 76 корр. мүше) тұрақты мүшелерінен ________ адам уәжді себептермен – іссапарлар (командировка) мен денсаулықтарына байланысты қатыса алмайды. Жиналысқа қатысып отырғандардың саны _____, демек 3/2 қажетті мөлшерден асып тұр. Кворум жеткілікті. Сонымен қатар, бұл жиынымызға ЖОО мен ҒЗИ-ның басшылары, қызметкерлері, жас буын өкілдері қатысып отыр. Академияның Жалпы жиналысының кезекті сессиясын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.

Құрметті ҚР ҰҒА академиктері, корреспондент мүшелері мен құрметті мүшелері, қымбатты қонақтар!

     2020 жылдың маусым айында өткізген (26.06.2020 ж.) ҰҒА Жалпы жиналысының соңғы сессиясынан бергі уақыт аралығында пандемия кезеңінде Ұлттық ғылым академиясы тарихында болмаған, жалпы Қазақстан ғылымы еліміздің әлемдік деңгейдегі көрнекті ғалымдарынан айырылды – ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Тәшімов Лесбек Тәшімұлы, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сыздықова Рәбиға Сәтіғалиқызы, ҰҒА академигі, ,биология ғылымының докторы, профессор Шабдарбаева Гүлнар Сабырқызы, ҰҒА академигі, химия ғылымының докторы, профессор Ерғожин Еділ Ерғожаұлы, ҰҒА академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сапаров Абдулла Сапарұлы, ҰҒА академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Ермолов Петр Васильевич, ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бәтпенов Нұрлан Жұмағұлұлы, ҰҒА академигі, вирусология- биология ғылымдарының докторы, профессор Саятов Марат Құсайынұлы, ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сағадиев Кенжеғали Әбенұлы, ҰҒА академигі, экономика ғылымының докторы, профессор Сатубалдин Сағындық Сатыбалдыұлы, ҰҒА академигі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Тілеуберді Сайдулдин, ҰҒА академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Айтхожина Нағима Әбенқызы, ҰҒА академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Диаров Муфтах Диарұлы, ҰҒА академигі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Иванов Николай Петрович, ҰҒА академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Ерғалиев Ғаппар Хасенұлы, ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбішева Зейнеш Садырқызы, ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Қошанов Аманжол Қошанұлы,  ҰҒА академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Байтулин Иса Омарұлы, ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мамыров Нұрғали Құлшыманұлы фәни дүниеден озды. Осы ардақты азаматтарымыздың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіз еске алуларыңызды өтінемін (Үнсіздік).

     Бүгінгі жиналысымыздың күн тәртібінде қаралатын мәселелер:

  1. ҚР ҰҒА Төралқасының 2020 жылы атқарылған қызметтері туралы есебі. Баяндамашы: ҚР ҰҒА президенті, академик М.Жұрынов;
  2. ҚР ҰҒА 75 жылдық мерейтойына дайындық жөнінде. Баяндамашы: ҚР ҰҒА президенті М.Жұрынов;
  3. Әртүрлі мәселелер.

     М.Жұрыновтың ҚР ҰҒА Жалпы жиналысының сессиясында жасайтын баяндамасы (01.06.2021 ж.)

ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР!

     ҚР Ұлттық ғылым академиясының Төралқасы мен аппараты ғылымды дамыту бағытында әр жыл сайын көптеген жұмыстарды атқарып, жоғары нәтижелерге жетіп отыр. Солардың маңыздыларына тоқталсақ, олар мына төмендегілер:

  1. ҰҒА-ның тұрақты қаржыланып, жыл сайын дайындалатын Ғылым жөніндегі ұлттық баяндамасы сапалы әрі уақытылы даярланып келеді (биыл 17 том); Ол, әр жыл сайын, ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен өтетін ЖҒТК (ВНТК) мәжілісінде талқыланып, қабылданады. Әрі қарай өз кезегімен ҚР Президентіне ұсынылады. ҚР Президентінің құптауынан соң баспадан шығады.
  2. Бүгінде Батыс-Еуропалық моделі бойынша дамып келе жатқан Академиямыздың Жарғысына сәйкес, пандемия уақытына қарамастан, өткен жылы майталман академик-ғалымдарымыздың қатары талантты жас ғалымдармен – ҰҒА корреспондент мүшелерімен толықты. Академияға еліміздің ең алдыңғы қатардағы, таңдаулы ғалымдары конкурспен сайланды. Соңғы өткен 2020 жылдың маусым айында Академияға корреспондент мүшелерді сайлаудағы конкурсқа 1 орынға 6 үміткерге дейін қатысты.
  3. ҰҒА академиктері мен корреспондент мүшелерінің денсаулығын жақсарту мақсатында, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ресми шешімімен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында Президент Әкімшілігінің клиникаларында тегін емдеу қызметтері ұсынылды және оларға республикадағы санаторийлерге тегін жолдама беріліп келеді.
  4. Көп жылдар бойы созылған үзілістен кейін, Елбасы, академик Н.Ә.Назарбаевтың және Білім және ғылым министрінің қолдауымен 2017 жылдан бастап, әр жыл сайын ғылым саласындағы Қ.И.Сәтбаев, Ы.Алтынсарин, Д.Қонаев, М.Әуезов, Ш.Ш.Уәлиханов, Күлтегін атындағы атаулы сыйлықтар мен мемлекет тарапынан берілетін 75 ғылыми стипендия иегерлерін анықтау үшін арнайы конкурсын өткізіп келеміз.
  5. 1946 жылдан бері шығарылып келе жатқан, 73 мемлекетке таратылатын 5 журнал тұрақты түрде, уақтылы жарық көріп келеді (жылына әрқайсысы 6 рет, ал барлығы 1 жылда 30 журнал, әрқайсысы 300 данадан). 2016 жылдан бастап «ҚР ҰҒА Хабарлары, Геология және техникалық ғылымдар сериясы» халықаралық ең ірі деректер қоры Scopus-қа (Elsevier) енді, ал 2018 жылы және 4 академиялық журналымыз: «ҚР ҰҒА Хабаршысы» (Вестник), «ҚР ҰҒА Хабарлары, Химия және технология сериясы; «ҚР ҰҒА Хабарлары, Физика, математика және информатика сериясы», «ҚР ҰҒА Хабарлары, Геология және техникалық ғылымдар сериясы» Clarivate Analytics (Web of Science) (АҚШ, Филадельфия) базасындағы «Core Collection» сатысынан басқа жоғары сатыға өту кезеңінде тұр. Қаржы тапшылығына байланысты халықаралық базаға кірмеген 3 журналымызды басқа журналдарға қосып біріктірдік. Ол туралы мәлімет Академия сайтында тұр. Журналдар туралы толық мәліметті келесі жиналысымызда талқылайтын боламыз. Қазіргі уақытта бұл журналдарды әрі қарай дамыту жұмыстары жүргізілуде.
  6. Сондай-ақ ҰҒА мүшелері мемлекеттік наградаларға ұсынылып, марапатталуда.
  7. ҚР Ұлттық ғылым академиясы 2020 жылы алыс және жақын шетелдегі классикалық бас академияларымен Болгар ғылым академиясымен (БҒА), Моңғолия ғылым академиясымен (МҒА), Словакия Ғылым академиясымен (СҒА) келісімшарт жасалуда. Бұл халықаралық қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етеді және отандық ғалымдарға НАТО, ИНТАС, МНТЦ қорларының ғылыми конкурстарына қатысуға кеңінен жол ашатын болады.
  8. ҰҒА COVID-19 коронавирусының пандемиясына байланысты өз мәлімдемесін жариялады. Д.В.Сокольский атындағы Жанармай, катализ жəне электрохимия институты ғалымдарының қатысуымен антисептик жасалынды. Сонымен қатар, антисептик жасау технологиялары халыққа пайдасы тисін деген мақсатпен ұсынылды. Бұл мәлімдеме Егемен Қазақстан газетінің №69 санында (10.04.2020 ж., 2 б.), Казправда газетінің №70 санында (13.04.2020 ж., 6 б.), ҰҒА сайтында жарияланды.
  9. Сондай-ақ бүкіл әлемді жайлаған індеттің теріс әсеріне қарамастан, қазақстандық ғалымдардың Web of Science, Scopus және Springer базасында индекстелген халықаралық рецензияланған журналдардағы, атандық ғылыми басылымдардағы, халықаралық және республикалық конференция материалдарындағы жарияланымдық белсенділігі бәсеңдеген жоқ.
  10. Ғылымның басым бағыттары бойынша зерттеулерді бағдарламалық-нысаналы, гранттық және мемлекеттік тапсырма бойынша қаржыландыру аясындағы жобалар нәтижелі іске асырылып келеді. Бұл мәселелер Парламентте талқылануда.

 

     Құрметті әріптестер! Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық ғылым академиясы «Ғылым туралы» ҚР Заңына сәйкес Мемлекет басшысына ұсыну үшін жыл сайынғы Ғылым жөніндегі ұлттық баяндаманы дайындаумен айналысады.

     Ғылым жөніндегі ұлттық баяндаманы дайындауға ҚР ҰҒА академиктері мен корреспондент мүшелері, сондай-ақ еліміздің ғылыми-зерттеу институттарының зертханаларында және жоғары оқу орындарының кафедраларында жұмыс істейтін еліміздің жетекші ғылым докторлары қатысады.

     Баяндамада елдегі және әлемдегі ғылымның жай-күйіне салыстырмалы талдау жасалынып, еліміздегі жедел және сапалы экономикалық өсуді, инновациялық және ғылыми дамуды қажет ететін дамыған 30 елдің қатарына кіру міндеттерін жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Қазақстан Республикасының 2025-жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары», «Бес институционалды реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспары, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы және қоғамдық сананы жаңғырту сынды маңызды стратегиялық құжаттарға сүйене отырып жазылды.

     Жыл сайынғы Ұлттық баяндаманың мақсаты ғылымның негізгі даму үрдістерінің ахуалын талдау, қазақстандық ғылымның дамуына әсер ететін оң және теріс факторларды анықтау, одан әрі дамыту үшін ұсыныстар әзірлеу және дамытудың басым бағыттарын айқындау болып саналады.

     Қазақстанда мемлекеттің білімге негізделген экономикасын құру мәселелерін шешу үшін мемлекеттік деңгейде жүйелі шаралар қабылдануда. Халықаралық озық тәжірибеге барынша бейімделген ғылымды басқару моделін анықтайтын «Ғылым туралы» заңды одан әрі іске асыру жұмыстары жалғасуда.

     Қазақстан Республикасының инновациялық-индустриялық даму стратегиясында 2025 жылға дейін ғылымды қаржыландыру көлемін ЖІӨ-нің 1,0%-ға дейін арттыру жоспарланған. Алайда әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты 2019 жылы ҒЗТКЖ шығындарына ЖІӨ-нің 0,12%-і бөлінді. ІЖӨ-нің тек 0,5%-інен астам мөлшерімен ғылымды қаржыландырғанда ғана республикамыздағы жетекші ғылыми мектептерді сақтап қалуға және одан әрі дамуға мүмкіндік берер еді. Осы бағытта қазіргі уақытта қаржыландыру көлемі артып келеді.

     Әлемнің көптеген елдері ғылымға құйылатын инвестициялардың ұлғаюына мүдделі, ал ЖІӨ-нің 3%-інен астам қаражатын ғылымға жұмсайтын елдер технологиялық прогрестің алдыңғы қатарында. Бүгінгі таңда технологиялық көшбасшы елдер ЖІӨ-ді көп қажет ететін көрсеткішті 2,7 - 4,3% деңгейінде ұстап отыр, ал бұл елдердің жалпы ішкі өнімі Қазақстанның осы бағыттағы мәліметтерінен бірнеше есе жоғары екенін ескеру қажет. Халықаралық сарапшылардың деректеріне сәйкес, ЖІӨ-нің 1% немесе одан аз мөлшерін құрайтын ғылыми сыйымдылық көрсеткіші елдің ғылыми-технологиялық қауіпсіздігінің шегі болып саналады. 

     Халықаралық деңгейдегі салыстырмалы деректер көзі болып табылатын ЮНЕСКО статистикалық дерекқорының деректері бойынша, ЖІӨ-де ҒЗТКЖ шығыстардың ең көп үлесі бар елдерде кәсіпкерлік сектор инвестициялары қаржыландырудың басым көзі болып табылады. Жапония немесе Корея Республикасы сияқты кейбір елдерде олар жалпы қаржыландырудың төрттен үшінен асады. Нәтижесінде, шығындар мен қаржыландырудың осындай құрылымы әлемдегі ғылыми және техникалық дамудың алдыңғы қатарына шықты.

     Соңғы бес жыл ішінде республикамыздың барлық санаттағы ғылыми қызметкерлердің саны, ғалымның жоғары әлеуметтік мәртебесіне, оның маңыздылығы мен беделіне, сондай-ақ кәсіби өсу перспективаларының болуына қарамастан, азаюда. Басқа қызмет түрлерімен салыстырғанда, ғылым саласындағы жалақының деңгейі төмен. 2020 жылы орташа республикалық жалақы 150-200 мың теңгені құрады. Бұл дегеніміз – ғалымдарымыздың ғылыми қызметпен айналысуы үшін мардымсыз қаражат. Қаражат мәселесі жолға қойылған кезде ғана ғалымдарымыз еш уайымсыз тек нақты ғылыммен тұрақты түрде айналысатын болады. Жас мамандардың ғылымға келуі деңгейінің төмендігі де осы қаржы мәселесіне байланысты. Ғылыми ұйымдар жас ғалымдарға тартымды орта жасай алмай отыр. Білім беру жүйесі, ең алдымен, білікті ғылыми кадрларды даярлау функциясына бағытталуға тиіс.  Сонымен қатар, ЖОО-ның ғылыми жетістіктері білім беру деңгейі мен оқу процесінің мазмұнын арттырады, сондықтан мамандарды даярлаудың жетістігі мен сапасы оның ғылыммен өзара әрекеттесуіне тікелей байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта жыл сайын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары орта есеппен 670 докторант пен 20 мыңға жуық магистранттар бітіріп шығады. Оларды дайындау барысында жылына 13 миллиард теңгеге дейін қаражат жұмсалып келеді. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің деректері бойынша, 2019-2020 оқу жылының басында докторантураға 1775 адам қабылданып, оның тек 28% ғана диссертацияларын қорғаған. Қалған 72% диссертацияларын қорғамай отыр. Осының барлығы Қазақстан ғылымын тоқырауға әкеп соғады. Алдағы уақытта осы мәселенің оң шешімін табу қажет. 2020 жылғы статистикалық мәліметке сүйенсек, республикамызда ғылыми қызметкерлердің жалпы санының 17,1 мыңы – зерттеуші-ғалымдар, яғни ҒЗТКЖ-мен тікелей айналысатын мамандар. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 330 адамға азайды, ал жалпы ғылыми қызметкерлерінің саны 21 843 болса, олардың саны 535 адамға қысқарған.

     Әлемдік қоғамдастық жаңа технологиялық жетістіктер мен инновацияларды енгізу, IT-технологияларды жедел дамыту және адами ресурстардың ұтқырлығы сынды жаңа жаһандық жағдайды бастан өткізуде. Бұл жағдайда ғылым өзгерістердің алдыңғы қатарында болуға тиіс. Әлемнің жетекші экономикасы адам капиталының жоғары деңгейі есебінен ғана өркендейтіні белгілі. Сондықтан осыларға қол жеткізуіміз үшін төмендегі шешімін таппаған мәселелерді қолға алыуымыз қажет:

     – ғылыми қызметтің коммерцияландырылатын нәтижелерін ұлғайтуға, бизнес-құрылымдарды, әсіресе ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға тарту; 

     – ірі зертханалық сынақтар мен жобалау-конструкторлық жұмыстар жүргізу үшін мамандандырылған ғылыми-өндірістік орталықтар құру;

     – жоғары теориялық және эксперименттік деңгейде ғылыми зерттеулер мен ғылыми кадрларды даярлау үшін ҒЗИ мен жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы мен аспаптық паркін нығайту;

     – технологияны қазіргі заманғы деңгейде қолдау үшін өндірісті sсientific support деп аталатын ғылыми тұрғыдан қолдау. Ірі өнеркәсіп кәсіпорындарына және басқа да металлургия, мұнай-газ зауыттарында келісімшарттық (ақылы) негізде ғылыми әзірлемелерді енгізу жөніндегі жұмысты жолға қою қажет. Зауыттарда өндіріске енгізу үшін жартылай өнеркәсіптік сынақтар жүргізуге қажетті технологиялық учаскелер (цехтар) құру;

     – монополизмді жою және өндірістік кәсіпорындардың бәсекелестігіне қажетті жағдай жасау. Бұл – индустриядағы прогрестің негізгі қағидаларының бірі. Осы ретте ғылыми жетістіктерді қолдана отырып, ең озық технологияларды құратын кәсіпорындар ғана көшбасшы бола алатыны белгілі.

     Сонымен қатар, жетекші батыс Еуропа елдерінің тәжірибесіне рейтинг жүргізіп, ғылыми ұйымдардың (ҒЗИ, жоғары оқу орындарының ашық зертханалары және т.б.)  ғылыми әлеуетін: зертханалардың қазіргі заманғы жабдықтармен және электрондық-цифрлық техникамен жарақтандырылуы, ғылыми кадрлардың ғылыми дәреже алуы, қажетті коммуникациямен қамтамасыз етілген жеке мамандандырылған ғимараттың болуы және т.б. ескере отырып, рейтинг пен санатқа  (категорияға) бөлу керек. Бұл, әдетте, әлемдік ғылыми қоғамдастықпен жақсы интеграцияланған жетекші ғылыми мектептерді сақтау үшін қажет.

     Ғылым – білім – өндіріс деп аталатын үшбірлікті жүйені қайта құрып, тиісті салық жеңілдіктері мен мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруды және Ғылым қорының жұмыстарын да қайта құруды талап етеді.

     Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ғылымды дамыту мәселесіне ерекше тоқталып, Үкімет пен ғылыми қоғамдастықтың алдына кідіртуге болмайтын мынадай міндеттер қойды:

     – ғылымды қаржыландыру үшін ірі кәсіпорындардан, әсіресе, шикізат секторынан қаражатын тарту (1,0% табыс көлемінен);

     – жалпыұлттық ғылыми басымдықтарды негізге ала отырып, бюджет арқылы ғылым мен технологияны дамытуға 1% күрделі салымды жинау мен бөлуді орталықтандыруды қамтамасыз ету;

– ірі бизнес өкілдерінің  өңірлік универ­си­теттердің ғылыми қызметіне «қамқорлығын» қабылдау;

 – ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешу үшін ғылымды тарту арқылы елдің ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамуы жөнінде жеке бағдарламалық құжат әзірлеу;

     – Ғылыми кадрларды даярлау мәселесі көкейтесті болып тұр. Ғылыми дәрежесі бар мамандардың, әсіресе ғылым докторларының саны күрт азайды. Бірқатар Еуропа елдерінде кеңінен қолданылатын ғылыми дәреже – хабилит-докторды немесе бұрынғы классикалық, ғылым докторын қосымша енгізуді ұсынамыз. Жоғары оқу орындарымен тең дәрежеде барлық дәрежедегі ғылыми кадрларды даярлау құқығын және «профессор» атағын беру құқығын ірі ғылыми-зерттеу институттарына да беру қажет.

     Мұның бәрі – 2015 жылы қазақстандық жоғары білім берудің Болон конференциясы деп аталатын схемасына: бакалавр – магистр – философия докторы (РһD) – кірген кезде ғалымдармен бірге талқыламаудың салдары. ТМД-ның барлық елдері (бізден басқа) оларда бар ғылыми кадрларды даярлау жүйесін, яғни аспирантура мен докторантураны сақтай отырып кірді.

     Қазіргі уақытта толыққанды ғылым докторы болуға және ТМД елдеріндегі конференциялар мен симпозиумдарда лайықты көрінуге ниет білдірген ғалымдарымыз өздерінің докторлық диссертациялық жұмыстарын Қырғызстанда, Ресейде және ТМД-ның басқа елдерінде қорғауға мәжбүр. Сондықтан ғылым кандидаттарының ғылыми дәрежесіне теңестірілген РһD докторларын даярлаудың қолданыстағы жүйесімен қатар аспирантура мен бұрынғы докторантураны қалпына келтірген жөн. Ғылым кандидаты мен докторының ғылыми дәрежелері «"Ғылым туралы» ҚР Заңында көрсетілген, сондықтан олардың дайындығын қалпына келтіру үшін ҚР Үкіметінің қаулысын қабылдау жеткілікті, яғни Заңды өзгертпей. Үш бірлікті жүйені қайта құру қажет: ғылым – ЖОО – өндіріс.

     Бізге біреуден нақты үйренудің қажеті жоқ, басқа мәселе – дамыған елдердің озық идеялары мен тәжірибесін үйрену. Оларды алдымен зерттеп, біздің жағдайымызға бейімдеу керек, содан кейін ғана практикаға біртіндеп енгізуге ұсыну керек. Бұл істі осы саладағы жетекші және танымал ғалымдар мен мамандарға сеніп тапсыру керек. Біздің 30 жылдық тәжірибеміз көрсеткендей, біздің ғылыми салада, негізінен, алдыңғы қатарлы ғылымды қажет ететін экономика мен ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізудің тиімді әдістемесін жасай алмадық. Кеңестік кезеңде Қазақстанның білімі мен ғылымның даму деңгейінің жоғары болғандығын атап өту қажет.

     Аталған міндеттер жүзеге асырылса, ғылымның тиімділігі мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға қызмет ететіні сөзсіз.

     Құрметті әріптестер! Ғылым – білім берудің жоғарғы сатысы, сондықтан ғылымды дамыту жөніндегі өз ұсынысымды сіздермен бөлісіп, пікірлеріңізді тыңдауды жөн деп білемін.

     Құрметті әріптестер!

     Ең бастысы – өз арамызда ауызбіршілік болуы қажет. Президентіміз Қ.-Ж.К.Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан игі іс-шараларға да үн қосып, қолдау көрсетіп отыру – біздің азаматтық борышымыз. Келешекте де осылайша ғылымның бұлақ суындай таза, әрі биік идеалдарына және Отандық ғылымды одан әрі дамыту үшін қызмет ете берейік! Сіздерге үлкен шығармашылық мол табыстар тілеймін!

     Зейін қойып тыңдағандарыңызға рақмет!