Қазақстан Республикасының
Ұлттық ғылым академиясы

Академия туралы

Академия туралы мәлімет

25

Наурыз
2020

Қазақстан Республикасы

Ұлттық ғылым академиясы туралы мәлімет

 

     Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы (ҚР ҰҒА) құрамына Қазақстанның ең алдыңғы қатарлы ғалымдары – Академияның толық мүшелері (академиктер) және корреспондент-мүшелері кіретін республикалық қоғамдық бірлестік болып табылады. ҚР ҰҒА құрамында 228 мүше (155 – академик және 73 - корреспондент-мүшелері), 17 шетелдік және 110 құрметті мүшесі, 41 ұжымдық мүшелері, 23 - ҚР ҰҒА профессоры бар.

     ҚазКСР Ғылым Академиясы 1946 жылдың 1 маусымында құрылған және Республика ғылымының басты орталығы, Қазақстандағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының үйлестірушісі болып саналады. Республиканың Ұлттық ғылым академиясы алғашқы құрылған жылдарынан бастап бай табиғи ресурстарды игеру бойынша күрделі зерттеулерді жандандырып, еліміздің өңдіріс күштерінің дамуына, қазақстандық қоғамның экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуының маңызды мәселелерінің шешілуіне үлкен үлес қосты.

      ҒА тұңғыш президенті (1946-1952, 1955-1964 жж.) болып КСРО ҒА академигі, ҚазКСР ҒА академигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әлемге танымал ғалым, қазақстандық геология мектебінің негізін салушы, ҚазКСР Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың иегері – Сәтбаев Қаныш Имантайұлы сайланды. Қазақстанда ғылыми қызметкерлер күні Қ.И. Сәтбаевтың туған күніне орай 12 сәуірге белгіленген.

     Одан кейінгі жылдары Ғылым академиясының президенттері болып ғалым-кенші, академик Д.А. Қонаев, ғалым-энергетик, академик Ш.Ч. Чокин, ғалым-геолог, академик, Ленин сыйлығының иегері Ш.Е. Есенов, ғалым-металлург, КСРО мен ҚазКСР ҒА-ның академигі, КСРО мен ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының иегері А.М. Қонаев, ғалым-биолог, Ленин сыйлығының иегері М.Ә. Айтқожин, ғалым-математик, КСРО мен ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ө.М. Сұлтанғазин, ғалым-экономист, академик К.Ә. Сағадиев, ғалым-ядрошы, ф.-м.ғ.д., проф. В.С. Школьник, ғалым-биолог Н.Ә. Айтқожина, ғалым-геолог, академик С.Ж. Дәукеев, ғалым-химик, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері М.Ж. Жұрынов сайланған.

     Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2003 ж. ҚР ҰҒА «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» Республикалық қоғамдық бірлестігі мәртебесі берілді. 2003 жылдың 30 қазан күнінен конкурс бойынша баламалы негізде ҚР ҰҒА президенті болып, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, хим. ғылымдарының докторы, проф., ҚР ҰҒА академигі Жұрынов М.Ж. сайланды. Кейін ол осы қызметке конкурс бойынша үш рет қайта сайланды (2008, 2013, 2018 жж.). 2015 жылдың 29 маусымында Халықаралық түркі академиясы Астана қаласында Одақтың алғашқы құрылтай сессиясын өткізді. Оның барысында Түркі әлемінің мемлекет басшылары шешімімен Түркі әлемінің Ұлттық ғылым академиялары Одағын құру туралы құжатқа қол қойылып, Одақтың тұңғыш президенті – ҚР ҰҒА президенті, академик М. Жұрынов сайланды. Сонымен қатар, 2018 жылы Пекин қаласында (Қытай) Қытай Ғылым академиясының базасында Ұлттық Ғылым академияларының және ғылыми ұйымдардың Альянсы (ANSO) құрылды. М. Жұрынов ANSO Басқарушы кеңесінің құрамына кірді. Бұл оның жоғары беделі мен шетелдік ғалымдардың оған және қазақстандық ғылымға деген құрметін көрсетеді. ҚР ҰҒА Президенті ҚР БҒМ Алқасының мүшесі және ҚР Үкіметі жанындағы ЖҒТК мүшесі, 2011 жылдан 2013 жылға дейін ғылым жөніндегі ҚР Премьер-Министрінің штаттан тыс кеңесшісі.

     Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы республика ғылымы дамуының басым бағыттарын анықтауға қатысады, Елбасына ғылым бойынша жылсайынғы Ұлттық баяндаманы дайындайды, академиялық ғылыми журналдар мен т.б. басылымдар шығару арқылы ғылыми жетістіктерді насихаттайды, ғылым мен техника саласында симпозиумдар мен көрмелерге және мемлекеттік сыйлық үшін конкурстарға қатысады, халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен инновациялық қызметтердің дамуына атсалысады, іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша ғылыми сараптама жүргізуге қатысады.

     ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасын орындау үшін ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен ҚР ҰҒА жанынан ғылыми-білім беру қызметіне, ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды жүзеге асыруға арналған конкурстардың нәтижелеріне және ғылыми жұмыстарды практикада жүзеге асыру үрдісіне этикалық сараптама жүргізу мақсатында әрекет ететін Этика жөніндегі кеңес құрылды.

     2004 жылы еліміздегі ірі ұлттық университеттердің негізінде ҚР ҰҒА төмендегі Ғылым бөлімшелері жаңадан ұйымдастырылды:

     Жер туралы ғылымдар бөлімшесі – «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті» КЕАҚ негізінде (ҚазҰЗТУ);

     Физика, математика және информатика бөлімшесі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті негізінде (ҚазҰУ);

     Химия-технология ғылымдарының бөлімшесі – Д.В. Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия институты (ҚБТУ және ҚазҰЗТУ құрамына кіреді);

     Биология мен медицина ғылымдар бөлімшесі – А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы негізінде.

     Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімшесі – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ) негізінде;

     Аграрлық ғылымдар бөлімшесі – Қазақ ұлттық аграрлық университеті (ҚазҰАУ) негізінде.

     Ғылымның дамуына жәрдем ету мақсатында республика аймақтарында ҚР ҰҒА Орталық Қазақстан (Астана қ.), Оңтүстік Қазақстан (Шымкент қ.), Шығыс Қазақстан (Өскемен қ.) және Қарағанды аймақтық бөлімшелері ұйымдастырылған. Сонымен қатар Талдықорған, Көкшетау, Тараз, Өскемен, Павлодар, Қызылорда және т.б. қалаларында ҚР ҰҒА өкілдіктері құрылған.

     ҚР ҰҒА мүшелері арасында: Қазақстандағы ұлттық және тағы басқа ірі университеттердің ректорлары, ҒЗИ, ғылыми орталықтардың директорлары, жетекші жоғары оқу орындарындағы зертхана және кафедра меңгерушілері бар. «Өтпелі» қезең қиындықтарына қарамастан, елімізде көптеген ғылыми мектептер сақталғанын атап өткен жөн. Салихалы зияткерлік әлеуетке ие қазақстандық ғылым озық әрі ғылымға негізделген технологияларды жасауды өз бетімен қамтамасыз ете алады.

     ҚР ҰҒА мүшелері институттардың, зертханалар мен кафедралардың жетекшілері бола отырып, математика, физика, геология, металлургия, химия, мұнай химиясы, биология, медицина, аграрлық ғылымдар, тарих, мәдениет, тіл және әдебиет салаларындағы іргелі және қолданбалы зерттеулердің, қазақстандық қоғамның қоғамдық-философиялық ойының одан әрі дамуына және жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға лайықты үлес қосып келеді.

     Тәуелсіз Батыс-Еуропалық моделінің схемасы бойынша дамып жатқан Академиямыздың Жарғысына сәйкес, Академия осы уақыттан бастап өз құрамына ұжымдық мүшелерді, яғни ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарын қабылдай алады. ҚР ҰҒА құрамына 40-қа жуық ұжымдық мүше қабылданған, олар: академиялық институттар, республикамыздың ұлттық және ірі аймақтық университеттері. Алыс және жақын шетелдегі көптеген елдердің негізгі академияларымен, халықаралық қарым-қатынастарды дамытуға ықпал ететін және отандық ғалымдарына НАТО, ИНТАС, ХҒТО қорлары мен т.б ірі зерттеу орталықтардың халықаралық ғылыми конкурстарына қатысуға жол ашатын ынтымақтастық туралы шарт жасалған.

      Қазақстанның әлемдік кеңістікке егеменді мемлекет ретінде кіруі қазақстандық ғылымның бірыңғай халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциясына әкеледі. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы JAP (Халықаралық ғылыми мәселелер бойынша академияаралық Кеңесі), ХҒАҚ (Халықаралық ғылым академияларының қауымдастығы), TWAS (Үшінші әлем елдерінің ғылым академиялары), AASSA (Азия елдерінің ғылым академиялары қауымдастығы), ИЫҰ ҒАҚ сияқты бірқатар халықаралық ғылыми ұйымдардың мойындалған мүшесі болып саналады. ИЫҰ (Ислам ынтымақтастық ұйымы) ғылым академиялары қауымдастығының вице-президенті болып, М. Жұрынов сайланды.

      ҚР ҰҒА Азия, Еуропа елдері мен АҚШ-тың ғылыми ұйымдары және фирмаларымен тығыз халықаралық байланыста. ҒЗИ және университетте жұмыс істейтін ҚР ҰҒА ғалымдары бірлескен ғылыми зерттеулерді, халықаралық конференциялар мен мәжілістер, кеңестер, тәжірибе алмасу және кадрлар дайындау жұмыстарын өткізеді. «Жасыл» энергетика саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізілді, ғалымдар күн энергиясын электрге айналдыратын тиімді агрегаттар жасап шығарды, жел энергиясы мен басқа да қосымша энергетика түрлерін пайдалану бойынша тың жобалар бар. Олардың барлығы Қазақстанда өткізілетін ЭКСПО-2017 көрмесіне ұсынылатын болады.

     ҚР ҰҒА мүшелерінің жетістіктері ҚР ҰҒА дайындалған жылсайынғы ғылым бойынша Ұлттық баяндамасында жарық көреді. Осы Орталық, классикалық Академияның көптеген мүшелері ірі халықаралық сыйлықтары мен ҚР ғылым мен білім бойынша Мемлекеттік сыйлығына ие болады. Соңғы жылдардағы Мемлекеттік сыйлықтардың барлығын дерлік ҚР ҰҒА мүшелері академиялық институттарда орындаған жұмыстары үшін иеленген.

     ҚР ҰҒА Республикалық қоғамдық бірлестікке айналғаннан кейін тек екі қызметтің түрі бойынша қаржыландырылады: Ғылым бойынша жылсайынғы ұлттық баяндама дайындап шығару үшін және 1946 ж. бастап шығатын әрі әлемнің 73 еліне таратылатын сегіз академиялық журналдарды шығару үшін. 2016 жылдан ҚР ҰҒА журналдары Elsevier Scopus, 2018 жылдан  Clarivate Analytics (бұрынғы Thomson Reuters) ірі халықаралық базасына кіреді және Орталық Азияда ең жоғары рейтингтік ғылыми журналдары болып саналады. Сонымен қатар, ҚР ҰҒА келісімшарттық негізде республикамыздың ірі холдингтарының тапсырысымен ғылыми жобалар мен бағдарламалардың сараптамасын жүргізеді.

     Төралқа әкімшілігінде 14 адам қызмет етеді, олар Жыл сайынғы Ғылым туралы ұлттық баяндаманы даярлаумен және 8 академиялық: «ҚР ҰҒА Баяндамалары», «ҚР ҰҒА Хабаршысы», 6 сериямен шығатын «ҚР ҰҒА Хабарлары», атап айтсақ: «Физика, математика және информатика»; «Химия және технология», «Геология және техника ғылымдар», «Биология және медицина», «Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар», «Аграрлық ғылымдар» журналдардың басылымын шығарумен айналысады. Олар жылына 6 рет, яғни басылымдардың жылына 48 нөмірі шығарылып, ҚР барлық ірі кітапханаларына, сонымен қатар жақын және алыс шетел – АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай т.б. елдерінің 73 ұлттық кітапханаларына жөнелтіледі.