Қазақстан Республикасының
Ұлттық ғылым академиясы

Академия туралы

ҚР ҰҒА Президенті

05

Тамыз
2024

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы президентінің м.а., химия ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұрат Жұрыновтың ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметі жайлы мәлімет

Жұрынов Мұрат 1941 жылы 7 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында дүниеге келген. Әкесі Сүлейменов Жұрын Омарұлы Ұлы Отан соғысына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданында Ауыл кеңесінің (сельсовет) төрағасы қызметін атқарды. Сарыағаш қаласында ол кісінің атына көше берілген. Өйткені 1929 жылы сол өңірдегі Ауыл кеңесінің бірінші төрағасы ретінде қажырлы еңбек сіңіріп, мемлекеттік марапаттарғаа ие болған. Араб және латын графикасын жақсы меңгерген, білікті адам болған. Соғыстан кейінгі жылдары Арыс қаласындағы теміржол станциясында еңбек демалысына шыққанға дейін қарапайым жұмысшы ретінде қызмет атқарды. Анасы Сүлейменова Разия Мағруықызы үй қызметінде (домохозяйка) болды.
М.Жұрынов 1959 жылы онжылдық теміржол мектебін үздік бітіріп, Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтының «Электрохимиялық өндірістер технологиясы» мамандығына түсті. Қазақ химия-технологиялық институтын (қазіргі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) үздік бітіргеннен кейін, сол оқу орнында оқытушы (1964-1966 жж.) болып қызмет атқарады. Одан кейін Мәскеудің Д.И. Менделеев атындағы химия-технология институтының (Ресей химия-технологиялық университеті) аспирантурасында оқып, кандидаттық диссертациясын 1970 жылы қаңтар айында тиісті мерзімнен екі ай бұрын қорғады (1967-1970 жж.). Содан кейін Қазақ химия-технологиялық институтында аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы болып қызмет атқарды (1970-1982 жж.). 1981 жылы Мәскеу қаласында докторлық диссертация қорғап, сол жылы профессор атағын алды.
Ғылыми-практикалық жетістіктері: химия ғылымдарының докторы, профессор (1981 ж.), Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының мүшесі (1989 ж.), Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері (2003 ж.), Түркі әлемі Ғылым академиялары одағының тұңғыш президенті (2015 ж.), Ислам елдерінің Ғылыми академиялары ассоциациясының вице-президенті болған.
ҰҒА президенті М.Жұрынов 2019 жылы КСРО Ғылым академиясының мұрагері болып есептелетін Ғылым академияларының Халықаралық Ассоциациясының (МААН) академигі болып сайланды. Сонымен қатар, Қытай ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (2019 ж.), Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі (2010 ж.), Қырғызстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (2017), Молдова Республикасы, Тәжістан Республикасы Ұлттық ғылым академияларының шетелдік мүшесі (академигі, 2010 ж.), Халықаралық инженерлік академиясының академигі (1995), Халықаралық жоғары оқу орындары ғылыми академиясының академигі (1996). 2017 жылы Пекин қаласында ЮНЕСКО-ның қатысуымен 54 мемлекеттің ұлттық ғылым академияларынан тұратын ең ірі ANSO альянсы құрылды. Оның 6 мүшеден тұратын Президумына (Ғылыми басқарма) Кіндік Азия мен Кавказ өңірлерінен ҚР ҰҒА президенті академик М.Жұрынов сайланды. Мәскеу қаласындағы Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің құрметті докторы (2014), Беларусь Республикасы Ұлттық ғылым академиясының «Жаңа материалдар химиясы» институтының құрметті докторы (2017), Вашингтондағы (АҚШ) Джорджтаун университетінің құрметті профессоры (1996), Токио университетінің құрметті профессоры (2003), сонымен қатар, Қазақстанның бірқатар ірі университеттерінің құрметті профессоры: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰЗТУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚазҰАУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, ҚарМТУ және т.б.
ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық Кеңесінің мүшесі болды. ҚР Үкіметінің жоғары ғылыми-техникалық комиссиясының, ҚР Ғылым және білім министрлігі алқасының мүшесі, «ҚР ҰҒА Баяндамалары» журналының бас редакторы, Ресей ЮНЕСКО істері бойынша ҚР Ұлттық комиссиясының мүшесі, Премьер-Министрінің ғылым саласы бойынша кеңесшісі (2010-2013 жж.), Қазақстан Демократиялық күштері коалициясының және «Нұр Отан» партиясының саяси атқарушы комитетінің мүшесі (2004-2018 жж.).
М.Жұрынов 1982 ж. Қарағанды мемлекеттік университетінің проректоры, 1985 ж. Қазақстан Ғылым академиясының «Органикалық синтез және көмір химиясы» институтының директоры, 1991 ж. Қ.А. Яссауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетінің ректоры, 1995 ж. Қазақстан Республикасы Білім министрі, 1997 ж. Қ.А. Ясcауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті (1997-2001 жж.) қызметтерінде болды.
2001-2007 жж. ҚР Білім және ғылым министрлігінің, 2013 жылдан бастап, Қазақ-Британ техникалық университетінің Д.В. Сокольский атындағы «Жанармай, катализ және электрохимия» ғылыми-зерттеу институтының бас директоры қызметін атқарады. 2003 жылдың қазан айынан қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының (қоғамдық бірлестік) президенті болып, әрбір 5 жыл сайын альтернативті сайлауларда сайланып келеді. Соңғы 2018 жылғы сайлауда 97% дауыспен сайланды. 2016 ж. Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды (қоғамдық негізде).
Д.И. Менделеев атындағы Ресей химиялық технология университетінде (1970 ж. қаңтар айында) «Диендер негізінде қанықпаған көмірсутектердің электросинтезі» тақырыбына кандидаттық диссертацияны қорғағаннан кейін Қазақ химия-технологиялық институтына «Электрохимиялық өндіріс технологиясы» кафедрасына оралды. Кафедрада ол органикалық қосылыстардың электрохимия зертханасын құрып, аспирантура ашты. Органикалық қосылыстардың әртүрлі кластарының электрохимиялық қасиеттерін және табиғи қосылыстар негізінде биологиялық белсенді заттардың электросинтезін зерттеу бойынша кафедра меңгерушісі қызметінде жүріп, зерттеулерге жетекшілік етті. Органикалық қосылыстардың түрлі кластарының электрохимиялық қасиетін зерттеді және белгілі дәрілік және жаңа физиологиялық белсенді заттарды электрохимиялық синтездеудің жаңа әдістерін әзірледі. Қатты электродтарда алкалоидтардың электрохимиялық қасиеттерін зерттеуде жаңа теориялық модельдер анықталды. Сондай-ақ олардың негізінде жаңа фармакологиялық белсенді заттарды, олардың молекуласының құрамына кванттық-химиялық есептеулермен, процестерді математикалық оңтайландыру арқылы алу технологиясы жасалды. Алынған электролиз өнімдерін фармакологиялық бақылаумен бірге, әртүрлі функционалдық топтағы (гидроксильді, метоксильді, этоксильді және т.б.) қосындылар енгізу жолымен модификациялық әдістері жасалды. Алғаш рет заманауи вольт-амперлік, спектралды және кванттық-химиялық зерттеу әдістерін қолдана отырып, электрохимиялық реакциялардың механизмдері анықталды. Мақсатты өнімдердің (опиан қышқылы, пахикарпин, афиллин, сальсолин, соласодин және т.б. туындылары) электросинтезі үшін өнеркәсіптік қондырғы құрылып, Шымкент химия-фармацевтикалық зауытта өндіріске үлкен экономикалық эффектімен енгізілді.
Мәскеудегі Д.И. Менделеев атындағы химия-технологиялық институтында 1981 жылдың қаңтарында «Электрохимиялық технологиялар» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғап. Сол жылы ғылыми-әдістемелік еңбектері үшін оған профессор атағы берілді.
М.Ж. Жұрыновтың жетекшілігімен электролит ерітіндісінде Өсімдік шикізатынан жасалған бағалы алкалоидтар мен стероидтарды электрофоретикалық экстракциялау әдісі мен технологиясы жасалды. Шымкент химия-фармацевтика зауытында (1979 ж.) қондырғының жартылай өнеркәсіптік сынағы сәтті өтті. Сондай-ақ, қорғаныс өнеркәсібі үшін қызығушылық тудыратын мыс, темір және кобальт фосфидтерін алудың жаңа әдістері мен өндіру технологиясы жасалды. Өзінің шәкірттерімен бірге нанокристалды ультрадисперсті металл ұнтақтарын алудың электрохимиялық әдістері жасалып, оның біріне авторлардың есімдері (Баешов-Жұрынов әдісі, А.С. №1441833, 1989 ж.) беріліп, «КСРО өнертапқышы» медалімен марапатталды.
Академик М.Жұрыновтың басшылығымен электролиз процестерін жүргізудің жаңа тәсілдері жасалды. Өндірістердің кірленген және қалдық суларын жиілігі әртүрлі өзгермелі электр тоғын қолдана отырып, кесек-кесек биполярлы электродтары бар электролизерлерде өңдеу арқылы тазалау технологиялары дайындалып, өндіріске енгізілді. Электролиз процесін әртүрлі импульстік ток жіберу арқылы әдетте ерімейтін металдарды (титан, алюминий және т.б.) ерітудің жаңа тәсілі жасалды. Бұл зерттеулердің барысында бұрын-соңды белгісіз құбылыс-әдетте тез пассивацияға ұшырап, анодта ерімейтін металдар электролиз кезінде де, тіпті электр тоғы тоқтатылғаннан кейін де постэлектролизді авто-еру процесі табылды. Бұл процесс табиғатта бұрын-соңды белгісіз болғандықтан ғылыми жаңалық болып тіркелді. 2018 ж. М. Жұрынов Қазақстандағы алғашқы ғылыми жаңалық болған «Титанның су қышқыл ерітінділерінде электролизден кейінгі химиялық еру құбылысы» жұмыстар циклі үшін Халықаралық академияның (Мәскеу қ.) (металдар электрохимиясы саласындағы № 510) дипломымен және Нобель сыйлығының лауреаты, академик Петр Капицаның алтын медалімен марапатталды. Бұл ғылыми жаңалық әлемде үлкен теориялық және практикалық маңыздылыққа ие болды.
М.Жұрыновтың ұсынысымен Пекиндегі халықаралық ұлттық академиялар альянсының – ANSO президиум мүшелерінің және Кіндік Азия мен Кавказ, Ресей академиялары президенттерінің дауыс беруі арқылы өткен конкурста Өзбекстан ұлттық академиясынан (Ташкент қ.) басым түсіп, ҚР ҰҒА-сы ANSO-ның Кіндік Азия аймақтық бөлімі Алматы қаласында ашылды. Бұл ҚР ҰҒА-сы мен оның президенті М.Жұрыновтың халықаралық ғылым аренасында жоғары беделі бар екенін анық көрсетеді. Ендігі кезекте Алматы қаласындағы осы аймақтық ANSO бөлімі арқылы Кіндік Азия мемлекеттерінің ғалымдары ANSO қаржыландыратын экология, нанотехнология, инженерлік генетика, тарих, археология салаларындағы ірі мега-жобаларға қатыса алады. Бұл Қазақстан ғалымдарына үлкен мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Оның үстіне ҚР ҰҒА-сының беделі өсіп, жылдам дамуына ықпал етеді. Қазіргі кезде осы жаңалықпен Қытайдың Шэньси провинциясындағы дүниежүзіндегі ең ірі Баоцзи титан корпорациясы 3 миллион доллар тұратын шаруашылық келісімшарт жасауға ынталы болып отыр. Пандемиядан кейін шекара ашылған соң келіссөздер жалғасады. Осы ғылыми жаңалық туралы М.Жұрынов Шэньси провинциясының губернаторы қатысқан конференцияда баяндама жасады. Осыдан кейін келіссөздер жүргізілді. Кейіннен М.Жұрынов Шэньси провинциясының орталығы Сиянь қаласына арнайы шақырылып, губернатордың экономикалық сала бойынша құрметті кеңесшісі болып тағайындалды (штаттан тыс).
М.Ж. Жұрынов фосфор өндірісінің жанама өнімдері феррофосфор және фосфорлы қалдық (шлам) сияқты заттарды өңдеудің электрохимиялық технологиясын жасап, Тараз қаласындағы (Жамбыл) «Химпром» комбинатында өндіріске ірі экономикалық эффектімен енгізді. Феррофосфорды электрохимиялық тәсілмен еріту арқылы (биполярлы бөлшекті электродтарды қолдану арқылы) темір фосфатын, сондай-ақ жоғары сапалы болат өндірісінде қоспа ретінде қолданылатын вольфрам, молибден және ванадий алу технологиясын жасап, өндіріске енгізді. Фосфорлы қалдықтан таза фосфор мен мыс фосфидін өндірудің жоғары тиімді өндірістік қондырғысын жасады. Автордың бұл тәсілдері үшін АҚШ, Германия, Ұлыбритания және Венгрия мемлекеттері арнайы патент берді.
М.Жұрынов 22 ғылыми монография, 800-ден астам ғылыми еңбектер жариялап, 150 авторлық куәлік пен халықаралық патентке ие болды. Оның жетекшілігімен 45 ғылым кандидаты, 7 ғылым докторы диссертация қорғап, 4 шәкірті ҚР ҰҒА академигі болып сайланды.
2003 жылы академик М.Ж. Журинов Қазақстан Республикасының Ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының облыстық мәслихаттарының депутаты және тұрақты комиссияның төрағасы, ҚР ОҚО мәслихатының бірінші төрағасы болып сайланды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Парасат» (2005 ж.), ІІІ дәрежелі «Барыс» (2011 ж.), ІІ дәрежелі «Барыс» (2016 ж.) ордендерімен және басқа да көптеген мемлекеттік медальдармен марапатталған. М.Жұрыновтың ғылыми еңбектері шет елдерде де жоғары бағаланды: оған Түркия (Анкара) жазушылар одағының (2001 ж.) «Түркі әлеміне сіңірген қызметі үшін» атты сыйлығы, Токио университетінің (2001 ж.) алтын медалі, Франция ғылыми өндірістік қоғамының (2003 ж.) және Украина « Алтын фортуна» ғылыми-өндірістік қоғамының (2006 ж.) алтын медальдары және Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының «Құрмет белгісі» және «Разум, честь и доблесть» медальдары тапсырылды.
М. Жұриновтың Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саласының дамуына қосқан ірі үлесі Түркістан қаласында халықаралық университеттің құрылуы мен дамуы болып табылады. Ол ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен (1991ж.) ашылған Қ.А. Яссауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетінің бірінші ректоры болды. Ол университет М.Жұрыновтың бастамасымен 1994 ж. Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті болып қайта құрылды. Еліміздің бірінші халықаралық университетінің құрылуына және оның жылдам дамуына М. Жұрынов орасан зор үлес қосты. Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті М. Жұрыновтың басшылығымен 10 жыл ішінде республикада жетекші ірі университеттердің біріне айналды. Түркиядан 100 млн-ға жуық АҚШ долларын құрайтын, кері қайтарылмайтын, жәрдем қаржы тартылып, Түркістанда 30 корпустан тұратын университет қалашығы салынды. Ол – Қазақстанның Түркиямен келісімшарты Парламентте бекітілген жалғыз халықаралық университет. Ол университет Түркістан қаласының көркейіп, дамуына зор ықпал етті.
ҚР ҰҒА-сында М.Жұрыновтың ғылыми басшылығымен өндіріске енгізуге дайындалған «Жел эгергиясы мен күн сәулесінен алынатын электр эгенргиясын беретін комплексті агрегат» мақсатты бағдарламалық қаржыландыру арқылы дайындалып, өндірістік сынақтан өтті. Бұл агрегатты жел энергиясы мен күн сәулесі энергиясы мол Қытаймен шекаралас «Жоңғар қақпасына» және Түркістан облысының Созақ ауданына қарасты Қаратау тауындағы платоға орналастырылған тиімді. «Жоңғар қақпасы» маңындағы агрегаттардан алынатын электр энергиясын Қытайға, одан әрі Қашғария арқылы Үндістанға сатуға болады, ал Қаратау платосынан алынатын электр энергиясын Түркістан облысын, Шымкент қаласын қамтамасыз етуден артылғанын Өзбекстанға сатуға болады. Академик М.Жұрынов Халықаралық GEIDKO ұйымының (Электросеть жүйелерін глобалды қосу халықаралық ұйымының) Қазақстандағы комитетінің төрағасы ретінде осы жобаларды өндіріске енгізу үшін Қытайдың және Ресейдің жекеменшік бизнес компанияларымен GEIDKO басқармасының тапсырмасымен келіссөздер жүргізуде. Оның ойынша бұл жобаға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қолдауы және көмегі өте қажет. Жүргізілген техникалық-экономикалық зерттеулер бұл жобалардың өте тиімді екенін, жіберілген шығынның қайтарылу кезеңі (срок окупаемости) қысқа екенін көрсетті.
М.Жұрынов басшылық ететін Д.Сокольский атындағы «Жанармай, катализ және электрохимия» институтында өндірістік катализаторлар цехы құрылып, оның улы газдарды (СО, угарный газ, т.б.) және зиянды қоспаларды жоятын қондырғыларын мұнай-газ өндіріс орындары келісімшарт бойынша тұрақты режимде сатып алып жатыр. «ҚазМұнайГаз»-ға қарасты 3 мұнай өңдеу зауыттарымен (Павлодар, Атырау, Шымкент) келісімшарт бойынша металлоконструкцияларды коррозиядан сақтау компетенциялық орталығы М.Жұрыновтың ғылыми жетекшілігімен зерттеулер жүргізіп, оларды өндіріске енгізуде және ірі экономикалық эффект беруде. Осы институтта жасалған, мұнайдан «Евро-4» бензинін алуға арналған «КТ-19» катализатор патенті Қытайдағы Фушунь мұнай зауытына 500 мың АҚШ долларына сатылды. Олар Ресей, АҚШ және Қазақстан катализаторларын салыстыра отырып, таңдап алғанын айта кету керек.
Елімізде COVID-19 корановирустық пандемия басталған кезде ҰҒА-сының Қазақстан халқына арналған үндеуі БАҚ құралдарында басылды («Егемен Қазақстан», 10 сәуір, а.ж.; «Казахстанская правда», 13 сәуір). Бұл үндеуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның дер кезінде шығарған Жарлығы мен іс-шараларды қолдау, ғылыми тұрғыдан қандай қауіпсіздік әдістерін қолдану туралы мәліметтер және ірі іс-шаралар, мысалы, этил және изопропил спирттерін шығаратын зауыттардағы (Шымкент химфарм. зауыты, Петропавл химзауыты) тоқтап қалған технологияларды қайта қондырып, іске қосу ұсыныстары туралы айтылды.
Д.Сокольский атындағы «Жанармай, катализ және электрохимия» институты М.Жұрыновтың басшылығымен өз қаражатына ғылыми зерттеулер жүргізіп, ДДҰ (ВОЗ) белгілеген COVID-19 вирустарына қарсы антисептиктердің күрделі құрамын өзгертіп, қолжетімді, оңай нұсқалары жасалды. Олар ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетовтің қолдауымен Алматыдағы «Вирусология және микробиология» институты мен Нұр-Сұлтандағы Ұлттық биологиялық орталықтарында қызмет істейтін ҰҒА ғалымдарының көмегімен сынақтан өткізіліп, ҰҒА сайтында жарияланды. М.Жұрыновтың ғылыми кеңесімен ҰҒА мүшелері корановирусқа қарсы вакциналар дайындаумен қатар, кеңейтілген антивирустық қасиеттері бар дәрілер жасап шығаруға бағытталған ғылыми-зерттеу бағдарламасын жасап, Білім және ғылым министрлігіне ұсынды. COVID-19 корановирусы мутацияға жылдам ұшырайды, сондықтан олардың барлық түрлерін басатын вакцина жасап шығару мүмкін емес. Ал кеңейтілген антивирустық эффектілі қасиеттері бар дәрі жасау өте тиімді. Ауырып қалған адамдарды вакцинамен емес, дәрімен ғана емдеу болады. Бұл салада ТМД елдерінде Ташкенттегі Биоорганикалық институтының ғалымдары дұрыс жолда келеді. Олар антивирустық дәрілерді табиғи өсімдіктерден алады. Ондай дәрілерде денсаулыққа зиянды құбылыстар сирек кездеседі.
2003 жылдан бастап М.Жұрынов жасырын дауыс беру арқылы баламалы сайлау нәтижесінде ҚР ҰҒА президенті болып сайланды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы Кеңес моделінен батыс-еуропалық (Франция) моделіне көшті. Бірақ Қазақстан заңдары Франция заңдарындай емес. Осыған байланысты көптеген қиындықтарға қарамастан ҚР ҰҒА-сы барлық ірі академиялық қауымдастықтардың (ассоциациялар мен альянстар) толық мүшесі болды. Бұл отандық ғалымдардың жетекші шетелдік ғылыми орталықтармен ынтымақ жасауға кең мүмкіндіктер ашады. Оның басшылығымен ҚР ҰҒА ғылым бойынша жыл сайынғы Ұлттық баяндама дайындайды және оны Үкімет пен ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы ЖҒТК мақұлдағаннан кейін шығарады. ҚР ҰҒА әлемнің жетекші 73 елінің ұлттық кітапханаларына жеткізілетін және «Elsevir – Scopus» және «Web of Science (clarivate analytics)» базасына кіретін 5 академиялық журналдарын шығаруды жүзеге асырады. Олар: «ҚР Ұлттық ғылым академиясының Баяндамалары», «ҚР Ұлттық ғылым академиясының Хабаршысы», «ҚР Ұлттық ғылым академиясының Хабарлары – 3 сала бойынша – геология және техникалық ғылымдары; химия және технологиялар: физика, математика, және информатика».
Салыстыру үшін айтатын болсақ, Кіндік Азия мемлекеттерінің ұлттық ғылым академияларының бірде бір журналы халықаралық (Scopus, Web of Science) қорларына кірмейді. Олардың академиялары мемлекеттік статуста, әрқайсысында 150-200 қызметкерлері бар. Ал ҚР ҰҒА-сында небәрі 14 адам қызмет атқарады. Мемлекет тарапынан ҚР ҰҒА-сы тек қана жыл сайын дайындалатын Ғылым жөніндегі Ұлттық баяндамасы қаржыландырылады. ҰҒА-сының барлық 6 салалық бөлімшелер арнайы қаржы бөлінбегендіктен, М.Жұрыновтың өтінішімен ұлттық университеттерде орналастырылған. Олардың төрағалары мен барлық вице-президенттер, аймақтық бөлімшелердің төрағалары айлықсыз, қоғамдық бастамалар ретінде қызмет атқарады. Қазіргі кезде ҚР ҰҒА-сының осы шағын штаттағы 14 адамнан тұратын қызметкерлері 2003 жылға дейінгі мемлекеттік статустағы ҰҒА штатында болған 80 адамның қызметін атқарып отыр.
Академик М. Жұрынов 1985 ж. бері мемлекеттік органдар мен мекемелерде, қоғамдық ұйымдарда бірінші басшы қызметін (министр, ректор, директор, президент) абыроймен атқарып келеді. Әріптестері оның іскерлігі мен терең біліктілігін, еңбекқорлығы мен қарапайымдылығын жоғары бағалайды.