Қазақстан Республикасының
Ұлттық ғылым академиясы

Жаңалықтар

ҚР ҰҒА Төралқасы ҚР Президентінің шешімін қолдайды

10

Қаңтар
2022

     Біздің қолымызға тиген ресми мәліметтерге сүйене отырып ҰҒА Төралқасы отандастарымызға және әріптестерімізге мына төмендегідей ұсыныстарын білдіреді:

          1)Соңғы күндері елімізде белең алған оқиғаға қабырғамыз қайысып отыр. ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев Президент болып сайланғалы бері үлкен кедергілерге тап болып, оның ең дұрыс шешімдерін таба білді. Бұл жерде Қ.К. Тоқаевтың халықаралық аренадағы беделінің жоғары екендігін көріп отырмыз. Бұл біздің мемлекетіміздің тұрақтылығына және жарқын болашағына үлкен сенім туғызады.

          2)Бізді таңқалдырып отырған ресми дерек бойынша бір ғана Алматы қаласының өзіне 20 мың лаңкестер ішімізге білдірмей қалай кіріп кеткендігі? Осыншама лаңкестердің он мыңдаған жастарды арттарына ертіп, көшеге шыққаны тіпті түсініксіз. Сонда біздің шекара қызметкерлері мен қауіпсіздік комитеті қайда қарап отыр? Соншама адамды орналастырып, тамақтандырып қана қоймай, қаруландырып және ең бастысы оларға үлкен қаржы тауып беріп ұйымдастырудың оңай емес екенін мектептің оқушысына дейін біледі. Мемлекетіміздің тыныштығын бұзғысы келген лаңкестер мен сатқындық жасаған жауапты мемлекеттік қызметкерлер тиісті жазасын алулары керек. Бұл мәселені асығып-аптықпай, сабырлықпен зерттеп, әділетті шешім қабылдауымыз керек. Қателесіп оларға еліктеп еріп кеткен жастарды лаңкестерден ажырата білу қажет.

          3)Әрине ел ауызында жүрген күрделі мәселелерді айтпай кетуге болмайды. Ең бірінші кезекте бұл қоғамда орын алған жемқорлық. Оны ауыздықтамай біз алға қадам да ауызбіршілігі мол қоғам да құра алмаймыз. Бұл халықаралық тәжірибеден белгілі.

          4)Тағы да бірінші кезекте алға тартатын күрделі мәселелердің бірі кадр мәселесі. Осындай уақытта қызметтерге кадр таңдауда дұрыс шешім қабылдауымыз қажет. Дамыған елдердің барлығында басшы қызметкер және оның орынбасарлары ұжымның немесе сол аудандағы, өңірлердегі халықтың жасырын дауыс беруі арқылы сайланады. Бізде осы тәжірибелерге сүйенуіміз керек. Сонда ғана қателіктерге жол бермейміз.

          5)ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев сайланған уақыттан бастап ел еститін Үкімет құруды және ғылымның мәртебесін көтеру мақсатында 2025 жылға дейін ЖІӨ-нен ғылымға бөлінетін қаражатты 1%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Осы берілген тапсырмаларды уақытылы орындау үшін қазірден бастап кезең-кезеңмен ғылымға бөлінетін қаражатты ұлғайтуымыз қажет. Бұл өте дұрыс қадам. Біз кең-байтақ жеріміз бен шексіз жер асты байлығы бар елміз. Осы байлығымызды өзіміз өндіріп, ғалымдар жасаған жаңа технологиямен тауар шығарсақ, халқымыздың әлеуметі жетілген, ғылымы мен білімі, мәдениеті мен өркениеті дамыған бай мемлекет боларымыз айдан анық.

     Сөз соңында айтарымыз егеменді еліміздің халқы үшін осындай қиын-қыстау сәттерде біздердің ауызбіршілігіміз сыналуда. Біз үшін ең басты құндылығымыз бұл Тәуелсіздік. Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың жүзеге асырып жатқан реформалары мен саясатына толықтай қолдау білдіреміз.

 

ҚР ҰҒА Төралқасы