Қазақстан Республикасының
Ұлттық ғылым академиясы

Жаңалықтар

Қазақстан ғалымдары: Қ.К. Тоқаев– Президент болуға лайықты тұлға.

07

Қазан
2022

     Белгілі болғандай, 6 қазандағы Астанада өткен Форумда Халық коалициясы алдағы сайлауда Қазақстан Президенті лауазымына Қ.К. Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Форумға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүшелері – академиктер, корреспондент-мүшелер, Қазақстанның барлық аймақтарынан, Алматы, Шымкент және  Астана қаласының құрметті академиктері белсене қатысты.  Олардың қатарында форумда сөз алған «Халық Қаһарманы», Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Тоқтар Әубәкіров: «Біз жылдар бойы күткен реформаларды қысқа мерзімде жүзеге асырдық. Мен адамдарды, әсіресе жастармен жиі кездесіп тұрамын. Халықтың қуанғанын көремін. Адамдардың көңілі көтеріңкі. Мен Қасым-Жомарт Кемелұлын адал адам ретінде білемін. Ол биік мінберлерден сөз сөйлеген кезде, барлығының назарын өзіне аудара біледі. Біз оны мақтамауымыз керек, біз оны мақтан тұтуымыз керек» деп атап өтті. Сонымен қатар, Тоқтар Әубәкіров Мемлекет басшысына Ғылым Академиясын қолдағаны үшін өз алғысын білдірді.

     Келесі күні Алматыда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының саяси зерттеулер орталығының алаңында ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсынуға арналған «Президент сайлауы-халық таңдауы» тақырыбында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Президиумының кеңейтілген отырысы өтті.

     Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов отырысты аша отырып, күн тәртібіндегі басты мәселе - алдағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына Қ.К. Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. ҚР ҰҒА президенті өзінің кіріспе сөзінде Мемлекет басшысының академиялық ғылымға ерекше назар аударғанын атап өтті. 1 маусымда ҚР ҰҒА Жалпы жиналысының салтанатты сессиясында ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев академиямызға мемлекеттік мәртебе беру қажеттігін алға тартты. Бұл ғалымдардың ел Президентіне деген ризашылығын  тудырған, көптен күткен шешім. Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары адамгершілікке, адами ізгі қасиеттерге ие. Өздеріңіз білетіндей, ол зиялы отбасынан шыққан, тәрбиелі және терең білімді, өз іс-әрекетіне жауапты және адал адам. Дәл осындай адам Мемлекет басшысы болуға әбден  лайық. Президент К. К. Тоқаев мұны іс жүзінде дәлелдеді, сондықтан ол халықтың жоғары сеніміне ие екендігін жеткізді.

     ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Вице-президенті Зарема Шаукенова ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың айрықша құзыреттілігі мен жоғары кәсібилігін атап өтті. Ол мәселенің тереңіне үңіліп, күрделі жағдайларда ұтымды шешім табудың жолдарын іздейтін адам. Ол өзін ерік-жігері бар және құзыретті мемлекет қайраткері ретінде паш ете білді. Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына Қ. К. Тоқаевтың кандидатурасын ұсынуды барлық ғалымдар бірауыздан қолдап отыр.

     Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, академик Серік Сейдуманов Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаев туралы сөз қозғай отырып, оның әлеуметтік-саяси мәселелердің дарынды аналитигі  ретіндегі кәсіби құзыретін атап өтті. Қазақстанның қазіргі сыртқы саясаты, сондай-ақ дипломатия тарихы туралы ғылыми зерттеулері де белгілі. Ол ғылыми ортадан шыққан адам. Әбу Насыр Әл-Фараби мемлекетті білімді адамдар басқаруы керек деп есептеді. Мемлекет басшысы оған әбден лайық. Ал қазіргі халықаралық тұрақсыздық жағдайында оның дипломатиялық қасиеті мен тәжірибесі баға жетпес болып табылады.

     Отырыста ағымдағы сайлау процесі, ұзақ және қысқа мерзімді жоспардағы Қазақстан Республикасының саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері бойынша белсенді пікір алмасу өтті. Мәселен, ҚР ҒЖБМ ҒК Экономика институтының директоры, академик Әзімхан Сатыбалдин өз сөзінде Мемлекет басшысының ұлттық экономиканы деолигархизациялау бағытын атап өтіп, Ғылыми кеңес, институт ұжымы К.К. Тоқаевты президенттікке ұсыну туралы бастаманы бірауыздан қолдағанын атап өтті. 

     А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, академик Зейнеп Базарбаеваның пікірінше, Мемлекет басшысы жаңа Қазақстанды - әділ, демократиялық қоғамды қалыптастыруға бағыт алған. Қазіргі таңда елімізде әлеуметтік, экономикалық, саяси реформалар жүзеге асырылуда және біз алдағы президент сайлауына Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын ұсынуды шын жүректен қолдап, оған халық игілігі жолындағы  жақсы бастамалары мен істерін жалғастыруға мүмкіндік беруіміз керек.

     ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академиктері Мәмбет Қойгелді, Қайролла Рахимов, Зайролла Дүйсенбеков, Серғазы Әдекенов, Вячеслав Локшин, Мырзакәрім Алшынбаев, Дариякүл Қожамжарова, Жарменов Әбдірасұл, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелер Ләззат Нұрқатова, Талғат Нұрғожин, Зиябек Қабылдинов  және т. б. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың кандидатурасын қолдау туралы пікірлерімен бөлісті. Олар қазақстандықтардың бүкіл өмірін жан-жақты және түбегейлі реформалаудың президенттік бағдарламасын, Президенттің Қазақстан халқына жолдауындағы іргелі бастамаларын ерекше атап өтті. Қ. К. Тоқаевтың кандидатурасы барлық көрсеткіштер бойынша мемлекет басшысының жоғары мәртебесіне сәйкес келеді.

     Философия, саясаттану және дінтану институтының саяси зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Айдар Амребаев ғылыми қоғамдастықтың пікірі қоғамда ерекше құнды және құрметке ие екендігін айтты. ФСДИ саяси зерттеулер орталығының қызметкерлері жетекші сарапшылардың қатысуымен, сайлау науқанының барысын үнемі талқыға салып, отырыстар өткізеді. Еліміздің ең беделді ғалымдарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының мүшелерінің қатысуымен өткен бүгінгі отырыстың да  мәні жоғары. Бүгінгі отырысқа беделді академиктермен қатар, жас ғалымдардың да қатысуы ғылымдағы «Жаңа әділ Қазақстанның» басталғандығының айғағы болып табылады. Сондықтан біз еліміздегі оң өзгерістерге және де Президентімізге де қолдау білдіріп,  Қ.К. Тоқаевты Мемлекет басшысы лауазымына кандидат етіп ұсыну туралы ҚР ҰҒА бастамасын қолдауды қажет деп санаймыз. Бұл пікірді отырысқа қатысқан белгілі қазақстандық сарапшылар, саясаттану ғылымдарының докторлары Рүстем Қадыржанов, Юрий Булуктаев, саяси талдаушы Замир Қаражанов та қолдайды.

     Сөз соңында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов ҚР ҰҒА Президиумының кеңейтілген отырысын қорытындылады. Бүгінде Қазақстан өзінің қазіргі саяси тарихының маңызды бетбұрыс кезеңінде тұр. Біз еліміздің дамуының өзекті перспективасын нақты таңдау, қиын кезеңге сәйкес саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамудың болашақ моделін таңдау алдында тұрмыз. Біз алдағы жеті жыл мерзімге қоғамымыздың және балаларымыздың болашағын анықтаймыз. Барлық жан-жақты және терең реформалар бағдарламасы 2022 жылғы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдумда мақұлданған Конституцияға түзетулерден және Президенттің 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында айтылған іргелі бастамаларынан басталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған және қоғам қолдауына ие болған мерзімінен бұрын президенттік сайлаудың мақсаты - Қазақстанның жаңа серпілісіне жағдай жасау, сыбайлас жемқорлықты, жұмыссыздықты жою, халықтың әл-ауқатын жақсарту болып табылады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзін ерік-жігерлі, жауапты және мақсатына берік саясаткер, тәжірибелі дипломат, адамдардың қажеттіліктерін ескеретін, қазақстандық қоғамның лайықты сеніміне ие екендігін көрсете білді. Барлық сөз сөйлеушілер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 20 қарашадағы мерзімінен бұрын президенттік сайлауға қатысуға ұсынылуын қолдады.

     Осы орайда, еліміздің ғалымдарының шоғырландырушы күші ретінде әрекет ететін «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» РҚБ ел Президенті лауазымына үміткер болу үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынады.

     Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының мүшелері Мемлекет басшысына әділ және гүлденген Қазақстанның құрылысы жолында зор табыс тілейді!