Жаңалықтар
Еске алу09
Тамыз
2021
Шайхутдинов Еренғайып Мәлікұлы
(10.05.1933-08.08.2021 жж.)
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Төралқасы ҚР ҰҒА академигі, белгілі әріптесіміз, қоғам және ғылым қайраткері, ғалым-ұстаз, химия ғылымының докторы, профессор, Қазақтанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Шайхутдинов Еренғайып Мәлікұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Бұл қаза – бүкіл қазақ руханияты мен ғылымына ортақ ауыр қайғы.
Е.М. Шайхутдинов 1933 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келіп, М.Ломоносов атындағы Мәскеу химиялық технологиялар институтын және аспирантурасын бітіріп, бар саналы ғұмырын ғылым мен білімді дамытуға, ел Тәуелсіздігін тұғырлы етуге арнады. Парасатты болмысымен, терең білімімен өз елінде зор құрметке ие болған ол ғылымдағы зор жаңашылдығымен халықаралық қауымдастыққа да өте танымал болды.
Алғашқы еңбек жолын Қарағанды синтетикалық каучук зауытында қарапайым химик-технологтан бастап, өзінің терең білімі мен біліктілігінің арқасында 1963-1994 жылдар аралығында сатылап өсіп – Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доцент, кафедра меңгерушісі, Қазақ политехникалық институтының профессоры, проректоры, ғылыми кеңес төрағасының орынбасары, 1994-2001 жылдары Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры, 2000-2002 жылдары Қазақстан Ресей университетінің ректоры сияқты биік лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Зейнет жасына шыққаннан кейін де еңбектен бір күнде қол үзбей, ректордың кеңесшісі, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстардың көшбасында жүрді.
Еренғайып Мәлікұлы жоғары білім беру жүйесінде ірі басшылық қызметтерде жүрсе де, ғылыммен жан-жақты айналысып, мұнай, газ және полимерлерді қайта өңдеудің химиялық технологиясы саласында 600-ден астам ғылыми еңбектер жариялады. Оның ішінде, қалдықсыз технологияларды өндіріске енгізудің негізі болып табылатын 9 монография, 5 оқулық, 100-ден аса авторлық куәлік пен өнертабыстық патенттердің авторы атанды. Отандық ғылымды дамытудағы еңбегі үкімет тарапынан лайықты бағаланып, «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Ол кісінің бүкіл ғұмыры, жемісті еңбек жолы кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге болып қала бермек.
Еренғайып Мәлікұлының еңбегі мен жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз.
ҚР ҰҒА Төралқасы