Қазақстан Республикасының
Ұлттық ғылым академиясы

Жаңалықтар

КӨҢІЛ АЙТУ ХАТЫ

03

Қазан
2020

     

      ҚР ҰҒА Төралқасы Қазақстан Республикасының ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Сатыбалдыұлы Сатыбалдиннің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

     Сағындық Сатыбалдыұлы әр жылдары ҚазКСР Ғылым академиясында өндіргіш күштерді зерттеу жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары, А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының ректоры, ҚР ҰҒА экономика институты директорының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институты атқарушы директорының орынбасары, Қазақ-Британ техникалық университетінің директоры сынды көптеген жауапты қызметтерді атқарды.   

     Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері Сағындық Сатыбалдыұлы «Бухгалтерлік есеп және шаруашылық жұмыстарын талдау», «КСРО мен АҚШ өнеркәсіп өнім өндірісінде жұмсалатын шығындар есебі» тақырыбында зерттеулер жүргізді. Өтпелі кезеңдегі экономика теориясы мен тәжірибесін жетілдіруге арналған еңбектеріне Халықаралық экономикалық Еуразия академиясының сертификаты табысталған.

     Академик экономика саласы бойынша көптеген зерттеу еңбектер жариялады. С.Сатыбалдинның 400-ден астам ғылыми еңбектері, соның ішінде 45 ұжымдық монографиясы, оқулықтары алыс және жақын шет елдерде жарық көрген. Кембридж университетінің библиографиялық орталығы экономист-ғалым С.Сатыбалдыұлына «ХХІ ғасырдың көрнекті ойшылы» атағын беріп, күміс медальмен марапаттады. Сондай-ақ, академикті АҚШ мәдениет және білім қайраткерлері мен Америка библиографиялық институты «Бейбітшілік үшін халықаралық награда» Құрмет дипломымен марапаттады.

     Қазақстанның ғылым саласында мол еңбек сіңірген академик Сағындық Сатыбалдыұлы Сатыбалдиннің ғибратты ғұмыр жолы мен жарқын бейнесі халқының жадында мәңгі сақталады.

 

ҚР ҰҒА Төралқасы