Қазақстан Республикасының
Ұлттық ғылым академиясы

Жаңалықтар

Серік Смайылұлы Қирабаев

26

Қазан
2021

Серік Смайылұлы Қирабаев

(23.03.1927 – 25.10.2021)

     Серік Смайылұлы Қирабаев 1927 жылы 23 наурызда Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында өмірге келген. 1951 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітірген. Филология ғылымының докторы (1964), профессор (1966), СССР Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі (1968), Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі (1994), Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері (1994), Қазақстан және Қырғызстан Республикалары ғылымына еңбегі сіңген қайраткер (1977, 1995), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері (1996). «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2005), қазақ ғылымына сіңірген айрықша еңбектері үшін еліміздің ең жоғарғы «Отан ордені» (2007), ІІ дәрежедегі «Барыс ордені» мен марапатталды (2012).

     Серік Қирабаев есімі ұлттық мәдениетіміздің аса көрнекті өкілі ретінде республика көлемінде ғана емес, жақын шетелдерге де таныс. Алғашында әдебиет сыншысы ретінде көрінген оның қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған сын мақалалары мен рецензиялары 1948 жылдан жариялана бастады. Кейін сыншылықты ғылыми еңбекпен ұштастырып, қазақ әдебиеттану ғылымы саласындағы көрнекті ғалымдардың қатарына қосылды. Содан бергі 60 жылдан астам уақыттың ішінде 800-ден астам әдеби-сын, ғылыми мақалалары мен еңбектері жарық көрді. Олардың ішінде 40-тан астам монографиясы мен зерттеу кітаптары, 20 оқулық пен оқу құралдары бар. Әдеби-сын және ғылыми-зерттеу кітаптары мен монографиялар ішінен ғалымның «Ғабиден Мұстафин» (1956), «Спандияр Көбеев» (1958), «Сәкен Сейфуллин» (1962), «Жүсіпбек Аймауытов» (1993), «Октябрь және қазақ әдебиеті» (1968), «Әдебиет және дәуір талабы» (1971), «Революция және әдебиет» (2 том, 1977), «Шындык және шеберлік» (1983), «Талантқа құрмет» (1988), «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері» (1995), «Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиеті» (1998), «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет» (2001), «Тәуелсіздік  рухымен» (2002), «Тарих  және әдебиет» (2007), «Тәуелсіздік  өрісі» (2 том -2008), «Әдебиетті қайта оқу» (2010), «Ұлт тәуелсіздігі және қазақ  әдебиеті» (2011) тағы басқа іргелі зерттеулерін атауға болады. 1991-1992 жылдары ғалым-сыншының екі томдық таңдамалы шығармалары, 8 томдық  шығармалары (2007), екі томдық таңдамалы шығармалары (2013), 5 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты (2020).

     С.Қирабаев – әдебиетіміздің атақты қаламгерлерінің шығармашылығын монографиялық үлгіде жан-жақты зерттеу тәсілін жете игерген ғалым. Ол алғашқы зерттеулерінің  өзінде Ғабиден Мұстафиннің бүгінгі заман тақырыбын жазудағы көркемдік табыстарын, С. Көбеевтің XX ғасырдың басында қазақ романын қалыптастырудағы және Ыбырай Алтынсариннен басталған педагог-жазушылық дәстүрін жалғастырудағы еңбегін биік деңгейде талдап берді. С.Көбеевтің негізгі еңбектерін ғылыми айналымға алғаш рет қосып, оның тұңғыш шығармалар жинағын бастырды. Осы материалдар негізінде ол «Қазақ совет әдебиетінің очерктеріне» (1958), «Қазақ әдебиетінің тарихына» (орыс тілінде, 2-том) тараулар жазды, С.Көбеевтің жазушылық жолы жайында кандидаттық диссертация қорғады (1957).

     С.Қирабаевтың «Сәкен Сейфуллин», «Жүсіпбек Аймауытов» атты кітаптары бір кезде репрессиянның құрбаны болып кеткен қазақтың екі ұлы қаламгерінің әдеби мұрасын жинақтап, зерттеудегі алғашқы елеулі қадамдар болды. Ол Сәкеннің жаңа үлгідегі қазақ поэзиясын тудырудағы ролін, Жүсіпбектің европалық үлгідегі қазақ прозасын бастаудағы, жаңа роман жазудағы орнын нақты айқындықпен дәлелдеп, екі суреткердің өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді жинақтап, олардың шығармаларын өз заманы шындығымен салыстыра зерттеді. Екі кітап та қазақ әдебиеттану ғылымында зор бағаға ие болды. «Сәкен Сейфуллин» монографиясы негізінде автор докторлық диссертация қорғаса (1964), «Жүсіпбек Аймауытов» кітабы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды (1994). Алғашқы монография қазақ, орыс тілдерінде (Алматыда, Москвада) бірнеше рет басылды. С. Қирабаев сонымен бірге Сәкен шығармаларының орыс тіліндегі басылымын («Сәкен Сейфуллин. Стихотворения и поэмы «Библиотека поэта», Ленинград, 1973) құрастырып, алғысөз, түсініктер жазды. Жүсіпбектің таңдамалы шығармаларын (1989), бес томдық шығармалар жинағын (1996-1999) бастырды.

     Ғалым еңбектерінің ішінен оның «Революция және әдебиет» (2 том) атты зерттеуі мен екі томдық таңдамалы шығармаларын бөліп атауға болады. Бұлар автордың кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті жайлы көп жылғы ізденісінің жемісі болып табылады. Аталған еңбектерде ұлттық әдебиеттің соңғы 70 жылдық тарихы, әдебиет жанрларының тууы мен даму мәселелері, реалистік өнердің жетілуі, көрші халықтармен әдеби байланыстардың кеңеюі, т.б. маңызды теориялық проблемалар қарастырылады. Бұлардан басқа С.Қирабаевтың Қазақстандағы әдеби процесс пен оған үлес қосқан үлкен қаламгерлердің шығармашылық жолын бағалау, зерттеу ісіне арналған еңбектері өз алдына бір төбе. Ол – Жамбыл, Б.Майлин, С.Мұқанов, С.Шәріпов, Ә.Тәжібаев, М.Дәулетбаев, С.Ерубаев, И.Байзақов, Қ.Аманжолов, А.Тоқмағанбетов, Ғ.Орманов, Ә.Әбішев, Қ.Бекхожин, Д.Әбілев, М.Қаратаев, Ж.Саин, М.Иманжанов, Т.Молдағалиев, К.Салықов, т.б. қаламгерлер шығармашылығы жайлы әдеби-ғылыми очерктердің авторы. Ғалымның зерттеулерінде автордың ұлттық әдебиеттің өткендегісі мен бүгінгісін, әлемдік дамудың жайын терең білетіні, оларды салыстыру арқылы ойлар тұжырымдау өнері әрдайым көзге түседі.

     С.Қирабаевтың шығармашылық, ұстаздық өмір жолының көп бөлігі Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтының қабырғасында өтті. Институтты бітірген соң ол сонда аспирантурада оқыды, ұстаздық қызмет атқарды, 35 жыл бойы қазақ әдебиеті кафедрасын басқарды, филология факультетінің деканы, институттың оқу жұмысын басқаратын проректоры болды.

     1988-1995 жылдар аралығында С.Қирабаев Ұлттық ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының директоры болып істеді. Бұл жылдары ол ғылыми жұмыстың талантты ұйымдастырушысы ретінде танылды. Репрессияға ұшыраған жазушылар тобы мен Алаш  қайраткерлерін ақтау, олардың кітаптарын бастыру, зерттеу ісін басқарып, әдебиеттің ақтаңдақ беттерін толықтыру жұмыстарына белсене араласты. Оның «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері», «Жүсіпбек Аймауытов», «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті», «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет», «Тәуелсіздік  рухымен» атты кітаптары мен көптеген мақалалары автордың осы игі іске қосқан елеулі үлесі болып табылады. Қазақ халқының ұлы тұлғаларына арналған мерейтойлардың ғылыми бағдарламасын жасап, конференциялар ұйымдастыруда да С.Қирабаевтың еңбегі зор. Ғалым осы конференциялардың тұрақты баяндамашысы да болды.

     Сонымен бірге С.Қирабаев институттың Абайтану саласындағы жұмыстарын басқарып, ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге, шығармаларының академиялық жинағын баспаға дайындауға қатысты. Бұл саладағы жемісті еңбектері үшін ол институттың бір топ ғалымдарымен бірге 1996 жылғы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

     Тәуелсіздік жылдары С.Қирабаев еңбектері қазақ әдебиетінің тарихында осы бір ұлттық идеяның тууын, өрістеуін, оның қиыншылықпен даму жолдарын тануға көмектесті. Ол әдебиет тарихын бағалауда жаңа көзқарас қалыптастырды. Осы мақсатпен жазылған он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты іргелі еңбекті жазуды ұйымдастырушылардың бірі, оның редакциялық бас алқасының төрағасы болды. С.Қирабаевтың тікелей авторлығы және редакторлығымен кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетіне арналған үш томдық зерттеу жарық көрді. Автор осы жылдары және одан  кейін «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті» (1998), «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет» (2001), «Тәуелсіздік рухымен» (2002), «Тарих  және әдебиет» (2007), «Ұлт  тәуелсіздігі және қазақ  әдебиеті» (2011) атты зерттеулер жасап, әдебиеттегі ұлттық идеяның өрісін кең қарастырды. Әдеби процестің жалғасу жолын зерттеді. С.Қирабаев еңбектері мен оның ақыл-кеңесі қазіргі дәуірде көп салада жүргізіліп жатқан М.Әуезов институтының ғылыми-зерттеушілілк бағытына бағдар қосып отырды.

     С.Қирабаевтың еңбектерін М.Әуезов, Г.Ломидзе, Е.Челышев, С.Мұқанов, М.Сильченко, Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин, З.Ахметов, З.Қабдолов, Р.Бердібаев, Ә.Дербісалин, Р.Нұрғалиев, Ә.Қоңыратбаев, т.б. ғалымдар зор бағалаған. Оның кітаптары жайлы баспасөзде жүзден аса рецензия жарияланды.

     С.Қирабаев 1952 жылдан бері 60 жыл  бойы орта мектепке арналған (10-11 кластар) қазақ әдебиеті оқулықтарының авторы. Жас ұрпақты әдебиет арқылы білім беріп, отаншылдыққа баулуда бұл оқулықтардың атқарған қызметі орасан зор. Қазақ жастарының талай ұрпағы осы оқулықтардан білім алды. Қазақ мектебі тарихында бірінші рет ол факультативтік курс үшін қазақ әдебиеті оқулығын да жазды (1973 ) және ол бүгінгі таңға дейін факультатив үшін жазылған жалғыз құрал болып табылады.

     С.Қирабаев 1997 жылы орта мектептің 10-сыныбына арнап, Қ.Мырзағалиевпен бірлесіп жаңа оқулық жазды. 2000 жылдан бастап, осы дәуір әдебиетінің хрестоматиясын құрастыруды осы авторлық ұжым (Ә.Шәріповпен бірге) қолға алып, іске асырып отыр.

     Тәуелсіздік рухынан туындаған жаңа заман талаптарын ескеріп, кейінгі жылдары Білім және ғылым министрлігі мектеп оқулықтарын жаңартуды қолға алып жатқаны белгілі. Осы тұста тәжірибелі автор есебінде С.Қирабаевқа 10-11 сыныптардың оқулықтарын жазуды басқару, мектеп бағдарламаларын қайта қарау жұмыстары тапсырылды. Ол жоғарғы сыныптардағы бұрынғы әдебиет тарихын дәуірлеу жүйесін жаңартып, екі сыныпта ХІХ ғасыр, ХХ ғасыр әдебиеттерін оқытуды ұсынды. Бұл – әдебиетті белгілі бір саясаттың ізімен емес, ғасырлық тәжірибе, халық өмірі шындығы тұрғысынан бағалау идеясынан туған еді. С.Қирабаевтың басқаруымен 2002-2003 жылдары осы сыныптарға арналған байқау оқулығы жазылды. Қазір олар толықтырылып, жөнделіп, жаңа оқулық күйіне түсті. 10-сынып оқулығы 2006 жылы, 11 сынып оқулығы 2007 жылы  жарық  көрді.

     Ол XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінен (Б.Кенжебаевпен бірге), қазіргі қазақ әдебиетінен (М.Қаратаев, Т.Нұртазинмен бірге) жоғарғы мектеп үшін оқулықтар жазуға да қатысты (1968, 1971, 1987). Сәкен Сейфуллин шығармашылығы жайлы жоғарғы мектеп үшін семинарий жасады (1982).

     Ғылыми-әдеби, қоғамдық жұмыстарға үнемі белсене қатысып жүрген ғалым СССР Жоғарғы Аттестациялық Комиссиясының эксперттік кеңесінің мүшесі, Қазақ Энциклопедиясы бас редакциясының мүшесі және әдебиет жөніндегі кеңесінің төрағасы міндетін атқарды. СССР Жазушылар Одағы басқармасы тексеру комиссиясының, СССР Жазушылар Одағы жанындағы сын кеңесінің мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Одақтың хатшысы, төралқа мүшесі, сын кеңесінің төрағасы болып бірнеше жыл істеген. Көп жылдан бері Қазақстан Білім академиясы жанындағы оқу-әдістемелік кеңесінің әдебиет секциясының төрағасы ретінде орта және жоғарғы мектепке арналған оқулықтар мен бағдарламаларды жаңарту, жетілдіру ісіне басшылық жасады. Оның «Қазақ әдебиеті және мектеп» (1979), «Қазақ әдебиеті» оқулығына методикалық нұсқау» (К.Мырзағалиевпен бірге – 1987-1998) атты еңбектері мектепте қазақ әдебиетін оқыту мәселелеріне арналған бағалы зерттеу болып табылады. Ол 1977-1988 жылдары Педагогикалық қоғамның республикалық кеңесі төралқасының төрағасы, Әдебиет, өнер  және сәулет салалары бойынша берілетін  Мемлекеттік комитетінің  мүшесі және  президиум  мүшесі болды.  Филология  ғылымдарының  докторы ғылыми  дәрежесін  беру  жөніндегі диссертациялық  кеңестің мүшесі,  төрағасы  қызметтерін  атқарды. 

     С.Қирабаевтың жетекшілігімен 50 ден астам докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды.

     «Отан», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған.

     2005 жылы С.Қирабаевқа Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері атағы берілді. Оны Ресей білім академиясы шетелдік  мүше (1990) және Қазақстан Білім академиясы (2005) толық мүше етіп сайлаған.

     С.Қирабаев – шығармашылық іске шын берілген, маңайындағы адамдарға мейірімі мол, қол ұшын беруге аянбайтын, адамгершілік болмысы жоғары азамат. Оның адалдығы, тазалығы, сыпайлығы, іскерлігі, биік интеллектуалдық қабілеті өз қатарластары үшін ғана емес, кейінгі буын өкілдеріне де үлгі-өнеге болып табылатыны сөзсіз.