Жаңалықтар
Құрметті әріптестер, академиктер және корреспондент-мүшелер!14
Қыркүйек
2023
Биыл Халықаралық ғылым академиялары қауымдастығының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында КСРО Ғылым академиясының мұрагері саналатын ХҒАҚ Кеңесінің 36-шы отырысы өтті. 2023 жылдың 20-22 қыркүйегінде Минск қаласында өткен ХҒАҚ Кеңесінің 36-шы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» РҚБ президенті, академик Мұрат Жұрынұлы Жұрынов Беларусь Ұлттық Ғылым академиясының шетелдік мүшесі (академигі) болып сайланғанын және Беларуссия мен Қазақстан арасындағы ғылыми әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік төс белгісімен марапатталғанын зор қуанышпен хабарлаймыз. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2022 жылдың 27-28 қыркүйегінде Мәскеуде өткен ХҒАҚ-ның 35-ші отырысында М.Ж. Жұрынов ХҒАҚ-ның толық мүшесі болып сайланған болатын, ол Қазақстаннан ХҒАҚ-ның толық мүшелерінің тізіміне енген алғашқы және жалғыз академик. Бұл қазақстандық ғылым саласындағы үлкен жетістік.
Жас ғалымдар да қатысқан Қауымдастық кеңесі отырысының мазмұнды бағдарламасы ТМД елдерінің ғылым академиялары арасындағы әріптестіктің кең ауқымды мәселелерін қамтыды. Ұлттық ғылыми жүйелердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және достас елдердің экономикаларын инновациялық дамыту жолындағы академиялық мекемелердің тиімді ынтымақтастығына бағытталған жаңа идеялар ұсынылды.
Ғылым академияларының халықаралық қауымдастығы 1993 жылдан бастап көптеген елдердің ғылыми қауымдастықтары арасындағы байланысты ілгерілету, нақты мемлекеттер мен әлемдік ғылымның ғылыми саласын дамытуға ықпал ету үшін тиімді жұмыстар атқарып келеді. Өткен кезеңде ХҒАҚ бірқатар тапсырмаларды сәтті жүзеге асырды. Ғылым академияларының халықаралық қауымдастығы іргелі және қолданбалы ғылымның жай-күйі мен даму перспективаларын сараптамалық бағалауды ұйымдастыруға қатысты, академиялар арасындағы ғылыми тәжірибе алмасуға атсалысты, жас ғалымдарды қолдауды және жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлау жұмысын ұйымдастырды, ғылыми қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін арттыру бойынша шаралар өткізді. Сонымен қатар, ХҒАҚ ЮНЕСКО, Еуразиялық университеттер қауымдастығымен бірлесе отырып, заңнамалық бастамаларды талқылауға және мемлекеттік деңгейде ғылым мен білім беру жүйесін жетілдіру бойынша, оның ішінде ТМД елдерінің мемлекеттері мен үкіметтері басшыларына ресми өтініштер арқылы ұсыныстар енгізу бойынша жұмыстарды белсенді атқарды.
ХҒАҚ қызметінің негізгі бағыттары:
– ХҒАҚ-ға мүше болып табылатын мемлекеттік және мемлекетаралық ұйымдардың ұлттық ғылыми-технологиялық кеңістіктерді сақтау және дамыту, ғылым саласын қайта ұйымдастыру мәселелерін шешудегі жұмыстарына жәрдемдесу;
- Ұлттық Ғылым академиялары мен жоғары мектептің тығыз өзара қарым-қатынас орнатуына ықпал ету;
- ХҒАҚ мүшелері арасында ақпараттық материалдармен алмасу;
- бірегей ғылыми нысандар мен құрылыстарды бірлесіп пайдалануды ұйымдастыру.
Бүгінгі таңда ХҒАҚ 26 толыққанды және қауымдастырылған мүшесі болып табылатын ғылыми ұйымдардың басын біріктіреді. 1993 жылдан бастап Қазақстан Халықаралық Ғылым академиялары қауымдастығының толыққанды мүшесі болып табылады.
Құрметпен,
«ҚР ҰҒА» РҚБ Президиумы