Ұлттық ғылым академиясы
Қазақстан Республикасы

Президенттер

Сағадиев

25

Наурыз
2020

18.02.1938-25.07.2020

 

- ҚР ҰҒА-ның Корреспондент-мүшесі  -   1989 ж. (Қоғамдық ғылымдар бөлімі:  Экономикалық ғылымдар).

- ҚР ҰҒА Төралқасының бас ғылыми хатшысы - 1990-1992 жж.

- ҚР ҰҒА-ның Академигі  - 1994 ж. (Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімі).

- ҚР ҰҒА-ның Президенті - 1994-1996 жж.

     Академик К. Ә. Сағадиев – макроэкономика және халық шаруашылығы үдерістерін басқару саласындағы маман. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген (1960); Г.В.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасын (1966) және докторантурасын тәмамдады (1976). Экономика ғылымдарының кандидаты (1966); доцент (1967); экономика ғылымдарының докторы (1977); профессор (1978). «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» (1998).

     Шетелдік Ғылым академиялары мен Ғалымдар қауымдастығына сайланған: Америкалық ғалымдар қауымдастығы (АҒҚ) - 1994 ж.; Нью-Йорк Ғылым академиясы (АҚШ) - 1996 ж.; Халықаралық Жоғары Мектеп Академиясының толық мүшесі (академигі) - 1997 ж.; Пәкістан Ғылым Академиясының толық мүшесі - 1998 ж. Кембридж өмірбаяндық қоғамының «Жыл адамы» атағына ие болды - 1992 ж.

     Еңбек жолын С.М. Киров атындағы ҚазМУ кафедрасының оқытушысы ретінде бастаған. Қазақстанның жоғары мектебінде ғылыми және әкімшілік мансаптың әр түрлі сатысынан өтіп, Қазақстанның бес жетекші ЖОО-да: (Целиноград ауыл шаруашылығы институты - 1982-1990жж.; Қазақ мемлекеттік басқару академиясы - 1992-1994жж.; Қазақ ұлттық аграрлық университеті - 1996-2001жж.; Халықаралық бизнес университеті - 2002-2004жж. және 2011-2020жж.; Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті - 2015-2018жж.) ректор лауазымында қызметтер атқарды және Ұлттық Ғылым академиясының Президенті (1994-1996жж.) болып сайланды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үшінші (2004-2007жж.) және төртінші (2007-2011жж.) шақырылымдарының депутаты; Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы (2004-2007 жж.), Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттіктің Директорлар кеңесінің төрағасы (2012-2014 жж.).

     Ғылыми мүдделері және ізденістері – макроэкономикалық болжам және материалдық-техникалық жабдықтау үдерістерін (В2В) басқару; дағдарысқа қарсы және тұрақтандырудан кейінгі даму; әлемдік экономиканың жаһандануы жағдайында ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі; халықаралық сауда мен интеграциялық үдерістерді ырықтандыру; жаһандық қаржы архитектурасы.

     Академик К.Ә. Сағадиев ҚР ҰҒА президенті болып жұмыс істеген кезеңде 1994-1996 жылдары нарықтық экономикаға көшудің күрделі жылдарында еліміздің жетекші академиялық қауымдастығын басқара отырып, елеулі үлес қосты, талантты ұйымдастырушы ретінде өзінің ерекше қасиеттерін көрсетті. Ол уақыт талабына сәйкес ҚР ҰҒА-ны реформалауға –дамудың жаңа стратегиялық басымдықтарын әзірлеуге және нарықтық экономика жағдайында ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың оңтайлы тетіктерін іздеуге және қаржыландыру көздерін әртараптандыруға, жетекші шетелдік зерттеу орталықтарымен бенчмаркингке ықпал етті.

     1994 жылы ҚР ҰҒА президенті К.Ә. Сағадиевтің бастамасымен БҰҰ сараптамалық комиссиясының бағалауы бойынша ҚР ҰҒА құрамындағы 21 ҒЗИ-дің қызметін  қарастырып, Қазақстанда ғылымның даму деңгейінің жоғары екендігін және әсіресе ғылымның бірқатар салалары – қара және түсті металлургия, биотехнология, жаратылыстану ғылымдары, геологияның бәсекеге қабілетті зерттеу технологияларының болуының арқасында зор әлеуетке ие екендігін растады.

     К.Ә. Сағадиевтің басшылығымен ҚР ҰҒА жұмысын реформалау бойынша жүйелі жұмыстың қорытындысы – ресурстарды 9 іргелі және 15 қолданбалы ғылыми бағыттарға шоғырландыру болды. 184 перспективалы, оның ішінде 7-еуі әлемдік деңгейдегі «жаңа экономика» санатына жататын  технологиялардың тізбесі қалыптастырылды. Маңызды әлеуетке ие іргелі және қолданбалы ғылым бағыттары бойынша ҚР ҰҒА ғалымдарының ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін коммерцияландыру деңгейін арттыру, олардың ішінде бірқатар елдерде өнеркәсіптік өндіріс үшін әлемнің 14 елінде патенттелген сульфидті қорғасын концентраттарын қайта өңдеу технологиясы бар бірқатар елдерде – Германия, Италия, Канада, Боливия және Қытайда, терең және аса терең ұңғымаларды бағытталған бұрғылаудың бірегей сынасыз технологиясы, бірқатар мүлде басқа жаңа үдерістер мен аппараттар, атап айтқанда қорғасын-мырыш шикізатын балқытуға арналған КИВЦЭТ-ЦС құрылғысы, мыс концентраттарын сұйық ваннада балқыту, глинозем алудың жаңа технологиясы, рений және галлий, композиттер, оптоталшықты технологиялар, фитохимия (арглабин) сияқты сирек металдардың түбегейлі жаңа өндірістері және басқа міндеттер-шешімін тапты.

     Академик К.Ә. Сағадиевтің ҚР ҰҒА президенті болып жұмыс істеген кезеңінде халықаралық зерттеу желілеріне еніп, шетелдік ғылыми орталықтарымен, қорларымен кооперация құру ерекше өзектілікке ие болды. Осы бағыттағы жұмыс нәтижесінде, екі жыл аумағында (1994-1995 жж.), ҚР ҰҒА ғалымдары ғылыми ізденістерге шетелдік қаржылындыру көздерінен 3,2 млн. АҚШ доллары көлемінде грант алды. ҚР ҰҒА-ның өзекті ғылыми әзірлемелерін ілгерілету мақсатында АҚШ-та, бірқатар еуропалық (ГФР, Франция) және Азия (Жапония, Қытай) мемлекеттеріндегі көрмелерде тұсаукесерлер ұйымдастырылды.

      Қазақстандық ғылымның адами капиталын құрастырып, одан әрі  дамытуға ҚР ҰҒА президенті академик К.Ә. Сағадиевтің қосқан үлесі зор. Оның басшылығымен ҚР ҰҒА-да өзекті ғылыми бағыттар бойынша заманауи зерттеу институттары мен орталықтарын (Шығыстану институты, Фитохимия институты, өңірлік филиалдар) құруға, ҚР ҰҒА кадрлық құрамын жаңартуға және едәуір жасартуға бағытталған құрылымдық қайта құру жұмыстары жүргізіліп, көптеген жас талантты ғалымдар мен зерттеушілер үшін ғылымға жол ашылды.

     ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы ретінде академик К.Ә. Сағадиев ҚР экономикасын басқарудың заңнамалық жүйесін жетілдіруге – ҚР мемлекеттік бюджетін жоспарлау әдіснамасын жетілдіруге, салық реформасын, ҚР экономикасын әртараптандыру тетіктерін дамытуға және оның жаһандық экономикадағы тұрақтылығын арттыруға, ҚР Ұлттық Қоры мен ҚР даму институттарының жұмыс істеу тиімділігіне, Білім және ғылым саласын басқаруды жетілдіруге және т. б. салаларда елеулі үлес қосты.

      Оның бастамасымен 2006 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге ҚР дайындау мәселесі бойынша парламенттік тыңдаулар өткізілді, бірқатар заңнамалардың жобалары, оның ішінде «Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше мемлекеттердің бюджет заңнамасының негіздері» атты ҚР Заңы және тағы басқа заңнамалар әзірленді. Депутат болған кезеңінде академик К.Ә. Сағадиев – экономиканың нақты секторына салықтық жүктеме, студенттерді әлеуметтік қорғау, ҚР қор нарығын дамыту, жол салу, шетелдік инвестицияларды тарту, мұнай активтерін жекешелендірудің тиімділігі, миграциялық саясат, гемофилиямен ауыратын науқастар, агроөнеркәсіптік сектор және басқа да өзекті мәселелер бойынша ҚР Министрлер Кабинетіне 50-ге жуық депутаттық сауал жолдады.

      Марапаттары: Еңбек Қызыл Ту ордені (1971); Халықтар Достығы ордені (1987); «Парасат» ордені (2003); «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005); «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл» (2006); II дәрежелі «Барыс» ордені (2008); ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Достық» ордені (2010); «Отан» ордені (2013).

     Өз жетекшілігімен 21 ғылым докторы, 45 ғылым кандидатын және 15 PhD докторларын даярлап, ғылыми мектеп қалыптастырды.

     180-нен астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 20-дан астам монографияның авторы.

     Еңбектері: Қазақстандағы экономикалық реформалар: теория және әдіснама мәселелері, 1985; Агроөнеркәсіп туралы жүз сұрақ пен жауап, 1988; Нарықтық экономика: өтпелі кезең теориясы мен практикасы. 1993; Ғылым және Қазақстанның ғылыми-техникалық егемендігінің мәселелері, 1995; Қазақстан экономикасының әлемдік шаруашылығымен интеграциясы, 1996; Орта тап - қазіргі заманға тест (тарих, теория, статистика),1998; Реформалар: аналитикалық көзқарас (мақалалар, жазбалар, баяндамалар, сұхбаттар), 1999; Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі: қазақстандық модельдің ұйымдастырушылық-экономикалық тетіктері, 2006; Қазақстан экономикасы: өзекті мәселелер жайлы очерктер (баяндамалар, мақалалар, сұхбаттар) бес томдық, 2010; Кенжеғали Сағадиев: он томдық шығармалар жинағы, 2016; Kenzhegali Sagadiev Reforms in Kazakhstan: An Analytical View, 2017 (Ағылшын тілінде), (Cambridge University, United Kingdom).